Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданының агроқұрылымдары көктемгі дала жұмыстарын аяқтауға жақын

 

 

Қызылжар ауданында көктемгі дала жұмыстары бойынша “Шағала-Агро” серіктестігі алдыңғы орында келеді. Аталмыш шаруашылық бүгінде жалпы аумағы 8000 га жердің тең жартысына бидай, қалғанына майлы дақылдар, атап айтсақ, зығыр мен рапс дәнін сіңіріп жатыр. Ауа райы оң қабақ танытса, еңбеккерлер көктемгі егіс науқанын маусымның 2-сіне дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Қауырт жұмысқа 100-ге тарта жұмысшы мен бірнеше бірлік жаңа техника жұмылдырылды. Биыл шаруашылық 400 млн. теңгеге толғымен техника паркін жаңартқан. Оның бірі – мына озық швейцариялық “Рапид” маркалы ұсақ майлы дақылдар отырғызатын кешен.

 

Ербол Ермұханов, “Шағала-Агро” ЖШС директорының орынбасары:

-4000  гектардағы бидай себу жұмыстарын 2 маусымға дейін бітіруге тиіспіз. 4 бірлік трактор мен «Джондир» маркалы 2 дәрі сепкіш кешен сатып алынды. Кейбіреуіне өз қаражатымызды жұмсадық, қалғанына лизингті пайдаландық.

 

Еңбегіне қарай өнбегі. Биыл жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгені құрайтын болады. Андрей Агафонов білікті маман. Жердің де, техниканың да бабын 7 жыл бойы тауып жүрген диқан.

 

Андрей Агафонов, “Шағала-Агро” ЖШС механизаторы:

-Көктемде сатып алған мына «Джондир», «Рапид», тағы да басқа жаңа техникалардың көмегімен майлы дақылдарды бүгін сеуіп бітіреміз. Өткен жылы бұл жұмыстар баяу жүретін. Қазір ыңғайлы, кешенді машиналардың арқасында жұмысымыз едәуір жеңілдеді. Мәселен, қазір күніне 200 га жерге дән себе аламыз.

 

Биыл Қызылжар ауданына қарасты агроқұрылымдардың майлы дақылдарға  сұранысы артқан. Былтыр олар аталмыш дақыл түрі 28 мың гектарға себілсе, биыл оның аумағы 5000 гектарға ұлғайтыпты. Ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Өмірбай Омаров аудан бойынша майлы тұқымдастарды ертең сеуіп бітіреміз деп жоспарлап отыр.

 

Өмірбай Омаров, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

-Аудан бойынша биыл майлы дақылдарға субсидия көп бөлінді. Былтыр майлы дақылдарға субсидия 1 Га орташа 3 900 тг болса, биыл рапстың 1 Га 12 мың тг. дейін жетіп отыр. Ауданымызға бөлінге жанар-жағармай қоры да жеткілікті. Былтыр оған 188 млн. тг бөлінсе, биыл оның көлемі 360 млн. тг. яғни, 2 есеге артып отыр. Сондай-ақ тыңайтқыштар мен гербецидке 2 есе артық субсидия бөлінді.

 

Сонымен қатар ауданда мал шаруашылығына қажет біржылдық шөптер мен жем-азық көптеп отырғызылуда. Қызылжар ауданы бойынша қауырт науқан 5 маусымға дейін толығымен аяқталуы тиіс. Оған ауылшаруашылық құрылымдарының мүмкіншіліктері жетеді.

 

Берік Қасен