Спорт

Еркін күрестен ашық турнир өтті

 

Алғаш болып боз кілемге тайыншалық Сұнғат Ғалым мен мамлюттік Еркін Келбах шықты. Соңғысы дәл осы жарыста   жамбасы жер иіскемеген 2 дүркін чемпион. Десе де, еркін күреске енді ден қойған Сұңғат 6 жылдық тәжірибесі бар майталман қарсыласынан тіпті де сескенер емес. 38 келі салмақтағы басты бәсекелес саналатын Еркінді алып жығуға барын салды. Талпынысы бекер болмай, мамлюттік   палуанды ұпай айырмасымен ойсырата ұтты.

 

Сұңғат Ғалым, сайыскер, Тайынша ауданы:

– Алғашқы тартыста жеңу өте маңызды. Ол үшін мықтап дайындалдым. Бірден осы жарыстың чемпионын ұту тіпті жігерлендірді. Алдағы тартыстарды осылайша өткізіп, тек жеңімпаз атану үшін келіп отырмын.

 

Еркін Келбах, сайыскер:

– Әрине әрбіріміз жеңістен үмітті болып келеміз. Бірінші белдесу мен үшін сәтсіз аяқталды. Жарыс шеңберлік айналым жүйеде өтіп жатыр. Сондықтан салмағымдағы барлық қарсыласпен кездесемін. Үздіктер қатарынан көріну үшін кейінгі күрескерлердің алдын оруға барымды саламын.

 

Ұлдармен қатар қыздар легі де белдесуге шықты. Жасындай жарқырап, ер мінездік танытып жүргендерді бірі Ұлбике Қасымбекова. Нәзік жанды 35 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел чемпионы атану үшін 3 жыл тынымсыз жаттығыпты. Спорт шеберіне үміткер бұл жолы да алған бағытынан қайтпайтындығын бірден аңғартты. Қызылжар ауданының тумасы жарыс алаңына шыға сала бәсекелесінің жауырынын жерге басты.

 

Ұлбике Қасымбекова, сайыскер, Қызылжар ауданы:

– Мен жасымнан жігерлімін. Қойған мақсатыма жетпей тынбаймын. Сондықтан мінезіме жақын осы спортты таңдадым. Дағдыма сай тек алтын алқа үшін белдесемін.

 

Жалпы 20 салмақ дәрежесінде көш бастаймын деген 140-қа тарта палуан өзара шеберлік сынасуға ден қойған. Ең кіші лек 6 жастан басталса, жоғарғы топ 14 жасқа дейін іріктелді. Барлығы өңіріміздің жер-жерінен жиылған 12 құрама өкілдерінің ішінен кімнің бағы мен бабы асып, мысы шабатынын алдағы кездесулер көрсетеді. Ұйымдастырушыларды қуантатыны – күрес әлемін таңдау арқылы салауатты өмір салтын ұстануға ниет танытатындардың қатары артып келетіндігінде. Көздеген басымдылық та осы.

Үздік атанған спортшылар жерлесіміз, ҚР  Еңбек Ері Геннадий  Зенченко тіккен жүлдеге ие болады. Суырылып алға шыққандарға үшінші дәстүрлі додада тағайындалған сыйлық қоры қомақты.

 

Жеңіс Ермұқанов