Мәдениет

А.С.Пушкинге арналған көрме

 

Көрме 3-ке бөлінген. Бірінші бөлмеге 8-ден 17 жасқа дейінгі жас шеберлердің еңбектері қойылған. Олар салған суреттердің тақырыбы, ермексаз бен жіптен жасаған мүсіндері Александр Пушкиннің ертегілерінен алынған. Жұмыстардың көбі “Юнеско” көркемөнер лицейі мен “Родник” аулалық балалар клубы тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан.

 

Валентина Воробьева, СҚО бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары:

-Экспозияцияға 50-ден астам түрлі техникада орындалған туындылар қойылып отыр. Арасында ермексаз, жіп, киіз, қыш, гипс, тағы да басқа материалдардан жасалған еңбектер бар. Бұл көрмеде жерлестеріміздің Александр Пушкиннің шығармаларын қабылдаудағы көзқарасын анық аңғаруға болады.

 

Екінші бөлмеде ұлы ақынның құрметіне орнатылған ескерткіштердің 40-тан астам фотожинағын көруге болады. Бұл суреттерді Василий Коноплев ондаған жылдар бойы жинаған. Оның айтуынша, Александр Пушкиннің ескерткіштерін 40-тан астам елде кездестіруге болады.

 

Василий Коноплев, журналист, педагог:

-Пушкинге арналған ескерткіштердің дені гипс, мәрмәр, қоладан жасалған. Қазір бүкіл әлем бойынша ақынның 1000-нан астам мүсіні сақталған. Мен өз басым 100 ескерткіштің тарихын бүге-шүгесіне дейін білемін. Қазақстан жерінде Пушиннің 22 мүсіні сақталған. Петропавлдағы Абай мен Пушкиннің мына бейнелерін мен таңғы сағат 5-те суретке түсіріп алдым. Өйткені, күндіз ескерткіштің түсі қараңғы тартып тұрады.

 

Содай-ақ осы көрмеде Ресей елінің азаматшасы, 84 жастағы қылқалам шебері Римма Камкинаның акварельмен салған 30-дан астам жұмысының көшірмесі ұсынылды. Автордың өзі іс-шараға жасының ұлғаюына байланысты келе алмапты. А.С. Пушкиннің 215 жылдығына арналған бұл көрмені жаздың соңына дейін тамашалауға болады.

 

Берік Қасен