Қылмыс

Алаяқтар кейуананы алдап соқты

 

 

Үй ауласында жүрген 80 жастағы кейуанаға таңертеңгілік уақытта бейтаныс 2 әйел мен жас жігіт келіп, оны сөзге тартқан. Күдіктілер қарияның сеніміне кіру үшін өз қызметтерін ұсына бастаған.

 

Мусавар Япарова, жапа шегуші:

-Таныс емес бір әйел қасыма келіп, бізде жеке машинамыз бар, сондықтан, сізді керек жерге тегін тасымалдаймыз деді. Сонымен қатар, қолдағы бар ақшаңызды Ресей ақшасына айырбастау қажет деді. Кейін сіздің ақшаңыз бар ма деп тағы сұрады. Ал менің жинаған бар қаражатым үйде сақтаулы болатын.

 

Сөйтіп, зейнеткер отын мен көмірге жинаған 200 мың теңгеге жуық ақшасын алып шығып, еш ойланбастан әлгі үш азаматтың біреуінің қолына ұстата салған. Бірақ, бейтаныс адамдар әжейге іс мұнымен бітпейді, мәселе оңтайлы шешілу үшін жеке куәлігіңіз керек депті. Бейқам зейнеткер құжаттын алып шығу үшін үйіне қайта кіргенде, үш алаяқ дереу көлікке отырып, іздерін суытқан. Олардың кетіп қалғанын көргенда ғана кейуана алданғанын түсініп, полицияға хабарласқан.

 

Әсет Жүкенов, Мамлют аудандық ІІБ бастығының жедел алдын алу жұмыстары бойынша орынбасары:

-Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары барысында алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен Өзбекстанның 3 азаматы құрықталды.

 

Ұсталған 3 өзбек азаматы  Ташкент қаласының тұрғындары болып шықты. Тергеу барысында олар тәртіп сақшыларына Бурабайға демалуға келгендерін айтқан. Демалыс кезінде қалталарындағы ақшалары таусылған соң, олар такси жалдап Мамлют қаласында тұратын туыстарына жол тартқан.