Билік

Жастарға кәсіптік білім беру, еңбекпен қамту мәселелері талқыланды

 

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің аумағында “Street Workout” спорттық алаңы бірер күн бұрын құрылыпты. Бұл игі іс “Нұр Отан” партиясының “Жас Отан” ЖҚ белсенділерінің бастамасы. Республикалық “Саламатты ұрпақ” жобасы аясында салауатты өмір салтын қолдаушылардың игілігіне арнайы спорттық жабдықтар орнатылды. Оның жұмысымен облыс әкімі Самат Ескендіров танысты.

 

Азамат Шаймерденов, “Нұр Отан” партиясының “Жас Отан” ЖҚ атқарушы хатшысының орынбасары:

– “Street Workout” алаңқайының құрылысына студенттер тартылды. Жоба құны 400 мың теңге. Қаражатты әлеуметтік әріптестерден жинадық. Болашақта қала бойынша тағы осындай 4 шағын спорттық кешен салу жоспарда бар.

 

Кейін өңір жетекшісі Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің материалдық-техникалық базасын байқап көрді. Қазір аталмыш орта кәсіптік білім беру ошағында 200 студент 5 мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Тәлім алушылардың 90-ны биылғы түлектер. Оқу мекемесінің сыныптары мен тәжірибелік цехтар сапалы білім алу үшін қажеттімен толықтай қамтылған. Осы жерде Самат Ескендіров “Жасыл ел” және студенттік құрылыс жасақтарының жазғы еңбек маусымының ашылу салтанатына қатысты. Облыс әкімі жауапты іске кіріскелі тұрған кейінгі буынның бет алысын құптады. Сондай-ақ барлық жастарды еліміз үшін маңызды шарадан сырт қалмауға шақырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Елбасының бастамасымен іске асып келетін “Жасыл ел” мемлекеттік бағдарламасы биыл мерейтойлы 10-шы маусымын бастайды. Игі шараға еліміз бойынша 2005 жылдан 200 мыңнан артық жас қатысты. Олардың жұмылуымен 44 млндай көшет отырғызылды. 111 мың га аумақ абаттандырылды. Биыл отаны СҚО саналатын студенттік құрылыс жасақтарының құрылғанына 55 жыл. Ізбасарлар бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына әлі де үн қосуда.

 

Өңіріміздің жастары шұрайлы аққайыңдар өлкесін көгалдандырамыз деп белді бекем буып отыр. Елжанды ұландардың бет алысы жаман емес. Белсенді өрендер игі ниеттерін сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеуге дайын. Тың шаруа жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың жазғы демалыстағы қосымша нәпақа көзіне айналды. Облыс бойынша биыл жасақ мүшелерінің жалақысын төлеуге 9,5 млн. теңге бағытталыпты.

Колледждің дәлізінде екі қолға бір күрек іздеген студенттерге бағытталған бос орындар жәрменкесі қанат жайды. Мұнда келушілердің негізі білім қуып оқу түгестеп жүрген жастар болғандықтан көбіне маусымдық табыс көздері ұсынылды. Барлығы жұмыс берушілер сұранысына сай 500-ден артық бос орынға маман табамыз деп келген. Кейін оқу мекемесінің акт залында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Облыстық кеңес Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде бекер ұйымдастырылған жоқ. Еліміздегі байырғы оқу мекемесінде экономика, заңгерлік және құрылыс мамандықтары бойынша дәрістер оқылады. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы» аясында сұранысқа ие мамандықтар үйретілуде. Негізінен өңір кәсіпорындарында тапшы мамандар даярланады.

 

Белсенді ұрпақ пен атқарушы билік өкілдерінің басқосуында студенттерге кәсіптік білім беру мәселелері талқыланды.

Биыл 6846 өңір оқушысы 9-шы сыныпты тәмамдады. Оның 41 пайызы оқуларын орта кәсіптік білім беру ошақтарында жалғастыруға ниетті. Көбі жергілікті колледждерді таңдаса, 600 шәкірт өзге аумақтарда білімдерін толықтырмақшы.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Бізде де сол мамандықтар, сабақтар да еш кем өтпейді. Биыл ғана 5 мыңнан артық студент түседі өңір колледждеріне. Оның 50 пайызы мемлекет есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Шәкірттер қалаған мамандығына қай жерде оқимын десе де құқылы. Таңдауға шектеу жоқ. Тек үгіттеу шаралары сылбыр жүргізіледі деп ойлаймын. Біріншіден облыс экономикасына қажет мамандар өзге өңірлерге кетіп жатыр. Оның алдын алу кекрек.

 

Сондай-ақ кездесуде жастарды еңбекпен қамту мәселелеріне ден қойылды. Биыл еңбекке жарамды 1730 жас маман жергілікті жұмыспен қамту бөліміне көмек сұрап келіпті. Самат Ескендіров бірінші кезекте еңбек өтілі мен тәжірибесі жоқ түлектерді қызметке орналастыру керектігін тілге тиек етті. Жуық арада облыс орталығында жас мамандарға арналып әрбірі 100 бөлмеден 2 жатақхана бой түзейтін болады. Бұл студенттерді ынталандыру қамында. Кездесу соңында өңір жетекшісі тиісті ведомство басшыларына осы бағыттағы жұмыстарға қарқын қоса түсуді тапсырды. Белсенді жастар активіне бірқатар міндет жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Елбасы бүгінгі уақыт дарынды, жігерлі, өзіне сенімді, алдына мақсат қойып арманына жетуге ұмтылатын адамдардың игілігінде екендігін айтады. Әрбірі өз қамы үшін ерен еңбек етсе, елінің гүлденуіне сөзсіз үлес қосады. Құрметті жастар кәсіби біліктілікті арттырып, шеберліктеріңді шыңдаңдар. Туған отаныма көмегі тиер деген оймен табысты еңбек етулеріңе тілектеспін. Өз жұмыстарыңда жемісті қызметімен танылған ел ағаларына еліктеу керек. Өмірлік сабақ алып пір тұтатын ғұлама тұлғалар республикамыздан бұрын, өңірімізде жетіп артылады.

 

Жеңіс Ермұқанов