Спорт

Петропавлда шағын футболдан банкирлер арасындағы жарыс аяқталды

Шағын футбол ойындарының соңғы күнінде ақтық сынға өткен командалар жүлделі орындарға таласып, бәсекеге түсуде. Міне, алаңда “Альянс банк” пен “Халық банкінің” ойыншылары 3-ші орынға тұрақтау үшін, барын салып бақты. Тартысты ойын есебі “Альянс” құрамасы ойыншыларының пайдасына шешіліп, олар 3 орынды місе тұтты. Аяқдоп шеберлерінің тартысы 1-ші орынға талас кезінде қыза түсті. Жеңімпаз атанудан үміткер “Ұлттық банк” пен “Казкоммерцбанк” ойыншылары екі жақ қақпаға бірнеше соққы жасап, гол кіргізді. Сөйтіп, 2 таймдық ойын 3:3 есебімен тең түсті. Алайда пенальти кезінде “Казкомдықтар” басымдықтарын дәлелдеп, құрама 1-ші орынды иеленді.

 

Александр Бреев, “Казкоммерцбанк” АҚ Петропавл қалалық филиалының қызметкері:

Шағын футбол ойындарында жеңімпаз команда атанып отырмыз. Барлық банк құрамаларымен кездесіп, басым түстік. Ал соңғы кездесу тіптен қиын болды. Ұжымдық бірліктің арқасында осындай жеңіске жетіп отырмыз. Командамыз өткен жылы да бірінші орынға тұрақтаған болатын.

 

Банк саласы қызметкерлері арасындағы спартакиада 1996 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында қаржы институттары жетім балалар мен мүгедек спортшыларға қаржылай, заттай көмектесуді дәстүрге айналдырған.

Осылайша, шағын футбол ойындарының қорытындысы бойынша ерлер арасында 1-ші орынға “Казкоммерцбанк” командасы жайғасты, 2-орынды “Ұлттық банк” иеленсе, соңғы үштікті “Альянс банк” ұжымы тұйықтады. Ал қыздар арасында 1-ші орынды “Шығыс”, 2-ні “Батыс” еншілесе, 3-орынға “Оңтүстік” құрамасы жайғасты. Сондай-ақ, көзге түскен ойыншыларға үздік шабуылдаушы, ойыншы және қақпашы кубоктары табысталды.

 

Бақыт Сәдуақасов