Бизнес және экономика

Петропавлда алғаш рет бизнес-жобалардың “Атамекен стартап” атты байқауы өтті

 

 

Байқау үміткерлері алғашқы күні өздерінің стартап-жобаларын таныстырды. Облыс орталығындағы колледждердің бірінде білім алып жүрген талантты жастардың бірі – Виталий Михайлов. Ол байқауда интернет арқылы жұмысқа орналастыру жобасын ұсынып отыр. Тек еңбек етуге ниет білдірген азаматтың жоғары не орта білімі болуы тиіс.

 

Виталий Михайлов, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

-Менің жобам қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып жүр. Осының арқасында кәсіпсіз жүрген адамдар тұрақты табыс көзімен қамтылуда. Интернет арқылы жұмыс тапқан азаматтар компьютерде құжаттарды орындап, еңбегіне қарай қаражат алады.

 

Бизнес байқауда таныстырылған бизнес-жобалар қазіргі таңда сұранысқа ие. Бірі мүгедектерге арналған автомектеп ашуды ұсынса, келесілері жолақысын төлеу карточкаларын енгізу керектігін айтты.

 

Нұрлан Тазабеков, «Атамекен стартап» қоғамдық қорының директоры:

-Біздің қоғамдық қор осыдан 3 жыл бұрын құрылған болатын. 2012-2013 жылдары жас кәсіпкерлердің қатысуымен елімізде 20 іс-шара ұйымдастырдық. Жас бизнесмендер арасындағы байқау сіздердің қалаларыңызда алғаш рет өткізіліп отыр.

 

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері де республикалық бизнес-жобалар байқауы жастар мен бизнесмендерге кәсібін дөңгелетуге себін тигізетініне сеніммен қарайды.

 

Нелли Кукушкина, СҚО кәсіпкерлер палатасының төрайымы:

-Бүгін конкурсқа қатысушылар тәжірибелі мамандардың көмегіне арқа сүйеп, олардан ақыл-кеңес алады. Оған қоса жобаларын жан-жақты қарастырып, болашақта кәсіпкерлікпен айналысуларына көмек алмақ.

 

Бизнес-сарапшылармен жұмыс жасаған үміткерлер бірінен-бірі озып шығуға барын салып бақты. Әрине, жарыстың аты жарыс болғандықтан, бірі ұтылса, бірі жеңіске жетеді. Ақыры финалға 13 жоба шықты.

 

Алмас Хамзин, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Біздің жоба жүзеге асса, автокөліктерді үйден шықпай-ақ жууға болады .Қызметкерлеріміз тапсырыс берушіге өздері келіп, көлікті жуып, тазалайды.

 

Жеңімпаздарға жүз, екі жүз және үш жүз мың теңге көлемінде сыйақы табыс етілді. Жүзеге асыруға болатын, келешегі зор жобалар Астана қаласының инвесторларына ұсынылмақ.

 

Бақыт Сәдуақасов