Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеру деңгейі тексерілуде

 

 

“Қазтест” – ҚР-дағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Бұл сынақ облысымызда осымен 3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. «Қазтест» жүйесінің талаптары бойынша мемлекеттік қызметкерлердің білімі тілді меңгерудің 5 деңгейімен бағаланады. Соның орта деңгейінде бүгін солтүстікқазақстандықтар сынақ тапсыруда. Мұндағылар өткен жылдың қазан айынан арнайы курсты меңгеріп жүр.

«Қазтест» жүйесі “Тыңдалым”, “Лексика-граматикалық”, “Оқылым”, “Жазылым” бойынша 4 бөліктен тұрады. Алғашқысы “Тыңдалымда” курсқа қатысушылар қысқа және ұзақ диалог пен монологты тыңдап, 30 тапсырманы орындауға тырысты.

Жалпы, мемлекеттік қызметшілер барлығы 150 сұраққа 2 жарым сағаттың ішінде жауап берулері тиіс. Былтыр бұл сынақтан 1800 солтүстікқазақстандық өткен. Оның 80 пайызы мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде меңгергендігін көрсеткен.

Мемлекеттік қызметшілер 3 күн бойы сынақ тапсырмақ. А корпусына өтушілер мен шетелде білім алғысы келетін жастар бұл тестілеуден міндетті түрде өтуі қажет.

Жалпы, биыл Солтүстік Қазақстаннан 5 мың адам «Қазтест» жүйесіне қатысады деп жоспарлануда. Ал, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау сынағының нәтижесі 1 аптадан соң белгілі болмақ.

Бану Ахметова