Білім

Мектептерде биылғы оқу жылының соңғы қоңырауы соғылды

 

 

Биыл қалалық классикалық гимназия 14-ші түлектер легін қанат қақтыруда. Олар балғын балалық шақпен ғана емес, 11 жыл бойы білім алған оқу ордасымен қоштасып жатыр. Енді бұл жастар үлкен өмірге қанат қақпақ. Мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып жатқан түлектердің бірі – Жұлдызай Жақыпова. Жұлдызай «Алтын белгі» алудан үміткер. Ол республикалық байқаулар мен олимпиаданың жүлдегері. Енді түлек мектеп қабырғасында алған білімімді үлкен сынақ ҰБТ-да дәлелдеп, оқытушыларымның үмітін ақтасам дейді.

Бұл күн тек оқушылар үшін ғана емес, мектепте түлектерді білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымы мен ата-аналар үшін де қобалжулы сәт. Баян Қамзиннің қызы Әлия да бүгін білім ордасымен қоштасқалы жатыр.

Бұл мектептің бастауыш сынып оқытушысы Гүлзира Уәлиева биыл облысымыздың үздің педагогы атаныпты. Өмірін жастарға білім беруге арнаған ұлағатты ұстаздың еңбек өтілі 16 жыл екен.

Биыл қалалық классикалық гимназияның 52 түлегі білім ордасымен қоштасады. Тек оқуда ғана емес, жан-жақтылығымен танылған 11-сынып оқушылары – мектептің мақтанышы. Өйткені, олар түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстарда да оқу ордасының биік беделін тағы бір асқақтатты. 52 түлектің 7-еуі жеткен жетіктеріне байланысты ҰБТ-дан босатылыпты.

Әдеттегідей қыз-бозбалалар мектеппен қоштасу әнін орындады. Содан соң олар үшін соңғы қоңырау соғылды.

Осылайша, 2014 жылдың түлектері алтын ұя – мектебімен қош айтысып, жарқын болашаққа қадам басты.

 

Бану Ахметова