Қоғам

Медиация институтын дамыту және қылмыстардың алдын алу

 

Прокуратура қызметкерлерінің басын қосқан үйлестіру кеңесінде қаралған алғашқы мәселе өңірімізде медиация институтын дамытуға қатысты болды. Оның жұмысы дау-дамайды сотқа жеткізбей шешуге бағытталған. Бүгінгі медиаторлар бұрынғы алқа билердің жалғасы іспеттес.

 

Шолпан Абдрахманова,облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

-Елбасы өзінің өткен жылғы жолдауында сот саласы жұмысын жеңілдетуде медиацияны қолданысқа енгізуді міндеттеген болатын. Біз оны былтыр қолға алып, арнайы бағдарлама әзірлеп, жүзеге асыра бастадық. Бірақ оны әлі де жетілдіру қажеттігін уақыттың өзі көрсетті. Бүгінгі жиында сол мәселені жан-жақты талқылап, ортақ бір шешім шығарамыз деп ойлаймын.

 

Қолданысқа енді енгізілген медиация жұмысына халық әлі де болса үрке қарайды. Дегенмен дау-дамайды шешуде аталған мамандардың көмегіне жүгінгендер де жоқ емес. Бүгінде ол 23 пайызға артып, медиаторлардың қатысуымен қаралған істердің барлығы сотқа жетпей, оң шешімдерін тауыпты. Жиын барысында прокурорлар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішушілер қатарының өскендігіне де алаңдаушылық білдірді. Мамандар оны заңбұзушылықтардың алдын алуда бұқарамен тиісті деңгейде жұмыс атқарылмайтындығымен түсіндіріп отыр.

 

Еркеш Оспанов,облыстық прокуратура басқармасының прокуроры:

-Тексеріс барысында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жүргізіп жатқан жұмыс деңгейінің төмен екендіктерін анықтадық. Мәселен Ақжар ауданының орталығында қоғамдық тәртіпті бақылау тұрғысында былтыр жалпы сомасы 780 мың теңгені құрайтын 3 бейнекамера орнатылған. Дегенмен ол әлі күнге іске қосылмапты.

 

Заң баршаға ортақ. Демек, оның талаптарын орындауда қара да дана да бір. Жиында сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін орындау және олардың сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамасының талаптарын сақтауы төңірегінде де әңгіме өрбіді.

 

Самат Есмағи