Білім

Солтүстікқазақстандық 128 түлек «Алтын белгіден» үміткер

 

11 жыл мектеп біліміне сусындаған әрбір оқушы үшін алтын ұямен қоштасу ерекше тебіреніске толы сәт. Бүгіндері түлектер өмірлеріндегі жауапты емтихан, ҰБТ-де жақсы нәтиже көрсетуді мақсат етіп отыр. Әсем Исмаилова «Алтын белгіден» үміткерлердің бірі. Оқуда озат, қоғамдық жұмыстардан сырт қалмайтын оқушының армандары асқақ.

 

Әсем Исмаилова, Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей- интернатының оқушысы:

-Мен химия пәнін таңдадым. Келешекте фармацевт- провизор болғым келеді. ҰБТ-да мектептегі ұстаздарым, ата- анамның үмітін ақтап, жақсы нәтиже көрсетемін деген ойдамын. Пробный тесттерде 110 балл жинап жүрмін.

 

Биылғы жылы қазақ-түрік мектеп-лицейінің 43 түлегі мектеп қабырғасынан түлеп ұшпақ. Олардың 10-ы алтын белгіге, тағы 10-ы ерекше үлгідегі аттестатқа үміткерлер қатарында. Ал оқу ордасының 17 шәкірті түрлі олимпиадалар мен халықаралық жобалар байқауларының жеңімпаздары, яғни сынақтан босатылған.

 

Бахыт Рамазанов,Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты директорының орынбасары:

-Оқушыларымыздың дайындық деңгейлері жаман емес. Әртүрлі пәндер бойынша білікті мамандар сабақ беріп жатыр. Математикадан ұстаздар, тарихтан екі топқа екі мұғалім беріп жатыр. ҰБТ тапсыратындармен қазір жақсы дайындық жұмыстары жүргізілуде.

 

Жалпы ағымдағы жылы өңіріміздегі 4059 түлектің 2602-сі ҰБТ тапсырады. Солардың 128-і Алтын белгіге үміткерлер.

 

Мағжан Ахмадина