Бизнес және экономика

Петропавлда жаңа микронесиелік ұйым ашылды

«КМФ» микронесиелік ұйымының Қазақстанның қаржы нарығында жүргеніне 17 жыл болыпты. Бүгін мекеме Петропавлда да өз филиалын ашып жатыр. Салтанатты жиынға өңіріміздің қаржы институттарының басшылары, қоғам өкілдері қатысты.

Қаржы ұйымы өз жұмысын игі шарадан бастаған. Олар облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне 300 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен.

 

Ризабек Кәкпенов, Облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат директоры:

-300 мың теңге берді. Оған біздің 35 оқушымыз спартакиадаға аттанады. Қостанай қаласында болатын спартакиадаға біздің балғындар 5 спорт түрі бойынша қатысады.

 

Бүгін қаржы ұйымының көмегіне алғашқылардың бірі болып Тамара Исмаилова да жүгініп отыр. Кәсіпкер бизнесін кеңейтуге 400 мың теңге көлемінде несие алмақшы.

 

Тамара Исмаилова,кәсіпкер:

-Бұл банктің ұсынып отырған шарттары қолайлы. Өзге банктерге қарағанда пайыздары төмен. Қызмет көрсету сапасы да көңілімнен шығады.

 

Бүгіндері микронесиелік ұйымның еліміз бойынша 110 мыңнан астам белсенді клиенті бар. Қаржы институтының елді-мекендерде қызмет көрсететін 74 бөлімшесі тіркелген.

 

Шарапиден Әлжанов, «КМF» микронесиелеу ұйымы  Петропавл қаласындағы филиалының директоры:

-Біздің негізгі клиенттеріміз ол ісін әрі қарай дамытамын деген жандар. Онымен қоса біз шағын шаруашылығы бар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге несие береміз. Кепілсіз несиені 1,5 млн теңгеге дейін бере аламыз. Айына 2-2,5 пайыздық үстемақы қосылады.

 

Бүгіндері қаржы институтына несие алуға 30 солтүстікқазақстандық өтініш берген.

 

Мағжан Ахмадина