Спорт

Кикбоксингтен өткен Әлем кубогында солтүстікқазақстандық спортшы Нұрсұлтан Жақыпов алтыннан алқа тақты

 

 

Санаулы минуттардан соң теміржол вокзалына еліміздің атын әлемде асқақтатқан кикбоксшыларымыз мінген пойыз келіп тоқтайды. Спортшылардың жақындары мен дос-жарандары осы сәтті тағатсыздана күтуде. Міне, Әлем Кубогында ел намысын қорғаған кикбоксшыларымыз келді. Солардың бірі Нұрсұлтан Жақыпов Венгриядан алтыннан алқа тағынып оралды.

 

Нұрсұлтан Жақыпов, кикбоксингтен спорт шебері:

-Ақтық кездесуде 3 жекпе-жек өткіздім. Алғашқысы Ресей, екіншісі Австрия елінің, ал соңғы тартыста өзіміздің қазақстандық спортшымен кездестім. Ол Қарағанды қаласының намысын арқалаған кикбоксшы. Әрине жекпе-жек қиын болды. Спортшылардың жоғары деңгейде дайындалғандығы көрініп тұр.

 

Рауан Смағұлов та дүбірлі додаға барып, әлемнің мықты кикбоксшыларымен кездесу өткізген. Алайда ақтық сынға өте алмай қалыпты. Жіберген есесін келесі жарыстарда қайтармақ. Бұған дейін жерлес спортшы 2004 жылғы Азия чемпионатына қатысып, жүлделі орынға ие болған.

Жаттықтырушылар да өңір кикбоксшылары үмітті ақтап, лайықты өнер көрсеткендігін айтып отыр. Нұрсұлтанның алғашқы жаттықтырушысы Виктор Славный шәкіртінің жетістігіне дән риза.

 

Виктор Славный, Нұрсұлтан Жақыповтың алғашқы бапкері:

-Еліміздің кикбоксшылары жалпыкомандалық есепте алдыңғы орындарға ие болып отыр. Мұның өзі зор жетістік. Ең біріншіден, Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымды айтамын. Осындай қолдаудың арқасында спортшыларымыз еліміздің атын асқақтатып, жоғары жетістіктерге жетіп жүр.

 

Кикбоксингтен өткен Әлем Кубогына Қазақстаннан 33 спортшы қатысыпты. 10 кикбоксшы алтын, қалғандары күміс пен қола жүлдеге ие болған. Енді теріскей спортшылары алдағы жарыстарға дайындықты бастамақ.

 

Бақыт Сәдуақасов