Қоғам

Жылу жүйесіндегі апат

 

Мына кадрларды Новая көшесі 47 үйдің тұрғындары түсірген. Баспана маңындағы жылу трассаларының бірінде орын алған апат кезінде тіршілік көзі субұрқақ сынды көкке атқылаған. Бір сағаттан астам уақыт бойы ыстық су еш тоқтаусыз ағылғандықтан, апаттан жеке сектор тұрғындары қатты зардап шеккен. Олардың жертөлелері суға толып, аулада отырғызылған көкөністер мен жемістері ыстық суда қалған.

 

Сергей Филиппов, үй тұрғыны:

– Жертөлеміздің асты толып тұрған су. Енді жаңадан салынып жатқан баспанамыздың іргетасын су шайып кетпесе екен деймін. Қарқыны күшті болды. Бірақ осы жерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпорын мамандары еш қоғалыссыз тұрды. Аулаға су кетіп жатқанда, тіпті көмек те көрсеткен жоқ.

 

Бұл жерде «Петропавл жылу желілері» ЖШС мамандары 2-ші жылу магистралінде жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізген. Олар Новая мен А.Шәжімбаев қысқа көшелерінің қиылысындағы жылу камераларының біріндегі тиекті алмастырған. Ол үшін диаметрі 800 мл болатын жылу магистралі уақытша өшірілді.

 

Александр Попов, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары:

– Кейін Крепостной көшесі бойындағы бір тиектің дұрыс жабылмағандығы анықталды. Сол жерге тез арада екі бригада жөнелтілді. Олар жылу трассасын сағат 1-де сөндірді. Сол уақыт аралығында жақын маңдағы жеке үйдің бірі зардап шеккен. Қазір ондағы су сыртқа шығарылып, апат салдары анықталуда.

 

Мамандар апаттың шығуына жылу құбырларының ескіргендігі себеп болып отыр дейді.

 

Мағжан Ахмадина