Балалар

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға арналған фестиваль өтті

“Солтүстік шұғыласы” фестивалі – өңірдің мәдениет саласындағы жарқын оқиға. Өйткені, мұнда бойында кемістігі болса да өнерге толы жандар ән шырқап, би биледі. Есту кемiстiгi бар балаларға арналған облыстық түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Әсемгүл Есенғазина мен Айнұр Саинова қазақ эстрадасындағы танымал топтардың бірі шырқап жүрген “Қазақтың қыздары” әнін ыммен орындады. Қос бойжеткеннің өнері көпті тәнті қылды.

Қыздар Есту кемiстiгi бар балаларға арналған облыстық арнайы түзету мектеп-интернатындағы ыммен ән орындауға арналған “Жанды сөз” үйірмесінде 7 жылдан бері айналысады. Екеуі де “Жұлдызай” республикалық байқауының жеңімпаздары.

 

Әсемгүл Есенғазина, Есту кемiстiгi бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

-Біз қазір Астанада өтетін байқауға дайындалып жатырмыз. Осы ән арқылы теріскей өңірінде сұлу қыздардың тұратынын жеткізгіміз келді. Бұл – көңілді, қуатты өлең.

Айнұр Саинова, Есту кемiстiгi бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

-Бізге осындай байқауларға қатысқан ұнайды. Бізге сахнада өз-өзімізді ұстап, ыммен ән орындауға үйреткен үйірменің жетекшісі Вероника Хаврошинаға ризашылығымызды білдіреміз.

 

Байқауда ән салып, би билеуден басқа қатысушылар қазылар алқасына өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын ұсынды. “Солтүстік шұғыласына” бұл жолы 500 адам қатысқан.

 

Елена Колмогорова, “АДОН – Север” ҚБ төрағасы:

-Байқаудың мақсаты – балардың шығармашылық қабілетін ашып, оларды қоғамда бейімделуіне септігін тигізу.

 

Байқау соңында барлық қатысушылар сыйлық және дипломдармен марапатталды. Айта кету керу, сыйлық қоры 60 мың теңгені құрайды.

 

Данаш Хамзина