ТЖ

Ормандар мен далада өрттің алдын алу шаралары қолға алынды

 

Көктем, жаз айлары құтқарушылар үшін әсіресе, қауырт кезең. Бұл орман өрттерінің бас көтеретін шағы. Көп жағдайда өңір тоғайларында болатын оқыс оқиғалар тұрғындардың табиғат аясына барғанда қарпайым ережелерді ескермеуі мен абайсыздықтарының салдарынан туындайды екен. Үстіміздегі жылдың өзінде 6 орман өрті тіркеліпті. 22 гектардан астам жерде орын алған тілсіз жау мемлекетке 121 мың теңгеден астам шығын келтірген.

 

Денис Шуваев, СҚО ТЖД мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бөлім басшысы:

-Қызылжар мен Айыртау аудандарында 2 өрт оқиғасынан тіркелсе, тағы Есіл мен М.Жұмабаев аудандарында бір-бір факті орын алған. Олардың барлығы қоңырау түскен уақыттан кейін 1 және 6 сағат көлемінде ауыздықталды.

 

Өткен жыл өрт сөндірушілер үшін біршама тыныш болған. Өйткені, былтыр тоғайларды қызыл жалын айналып өтіпті. Құтқарушылар әсіресе, 2010 жылы орман өрттерінің көп болғандығын алға тартуда.

 

Николай Белоусов, СҚО ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімінің басшысы:

– Орман мекемелерінің қызметкерлері мен өрт сөндірушілер әсересе 2010 жылы қауырт жұмыс жасады. Сол жылы 110 орман өрті тіркелген болатын. Ал 2011 жылы 2 факті болса, 2012 жылы 13 орман өрті мен 2 рет далалы жерді жалын шарпыған. Әсіресе, демалыс күндері тілсіз жаудың бас көтеру фактілері жиілейді.

 

Синоптик мамандардың пайымдауынша биылғы жаз жаңбырға сараң болып, құрғақшылық болады деп күтілуде. Сондықтан құтқарушылар «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қағиданы ұстанып, қазірдің өзінде алдын алу шараларын қолға алған.

 

Мағжан Ахмадина