Балалар

Өңірімізде “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылу үстінде

 

Жұмысшы кентіндегі “Баларман” балабақшасы өткен жылдың маусым айында ашылыпты. Жеке кәсіпкер Балдырған Ілиясов “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасының көмегіне жүгініп, 7 пайыздық үстемеқымен 5 жылға 51 млн. 800 мың теңгенің несиесін рәсімдепті. Бүгінде мұнда мектепке дейінгі тәрбиені 75 бала алса, тағы 24 педагог тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Балабақша ашылғаннан қызметке орналасқандардың бірі – Лилия Ожогова. Жас маман ЖОО тәмамдаған соң, осы жерге келіп, бүгінде педагог-психолог болып жұмыс істеп жатыр.

 

Лилия Ожогова, “Баларман” балабақшасының педагог-психологы:

– Өз мамандығым бойынша қызметке орналасқаныма қуаныштымын. Біз мұнда “Алғашқы қадам” бағдарламасымен жұмыс істейміз. Сабақтар қазақша, орысша, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Мұнда 3 топ бар. Біреуі мемлекеттік тілде білім алса, қалған екі топ орыс тілінде тәлім алуда.

 

Жеке кәсіпкерге бұл балабақшаны ашу оңайға соқпапты. Бірнеше курстарды меңгеріп, біліктілігін арттырып, арнайы сертификаттар алған. Айта кету керек мектепке дейінгі мекеме ашылғалы оларға “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы аясында да қолдау көрсетілген. Мысалы, әр ай сайын бір балаға 18 мың теңгеден бөлінеді екен. Бұл педагогтардың жалақысын қамтамасыз етуде. Олардың орташа табыс көзі 35-37 мың теңгені құрайды.

 

Балдырған Ілиясов, “Баларман” балабақшасының директоры:

– Балабақшаны ашып, біз жұмыспен қамту мәселесін де шешіп отырмыз. Міне былтырғы жылы ғана 4 жаңа жас маман келіп, толықтық. Сонымен қатар балалардың ата-аналары да ризашылығын білдіріп, жұмыссыздық мәселесін шешкендіктерін айтады.

 

Балаларға мұнда барлық жағдай жасалған. Олар ән айтып, би  билейді. Ой өрісін дамытатын ойындар ойнап, шығармашылық жұмыстармен айналысады.

Алдағы уақытта жеке кәсіпкер балабақшаны тағы 100 орынға кеңейтсем деген жоспарда. Өйткені мемлекет шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен қолдау көрсетіп отыр дейді ол. Қазірдің өзінде мұнда 10-15 бала кезекте тұр.

 

Бану Ахметова