Билік

Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Есіл ауданында болды

“Егін” ЖШС-нің диірмен, макарон кешені үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған. 2012 жылы тікелей телекөпір байланысында Елбасы тұсауын кескен өміршең жобаның жұмысымен облыс әкімі Самат Ескендіров танысты.

Жобаны іске асыруға қажетті 200 млн теңге қаражатты “Қазагроқаржы” компаниясы лизингке берген. Кәсіпорын цехтары тегістей италияндық қондырғылармен жарақтандырылыпты. Серіктестіктің қуаты күніне 7 тонна макарон өнімдерінің 12 түрін өндіруге қауқарлы. Жұмыс үш ауысымда тәулік бойы тоқтамайды. Серіктестікте барлығы еңбекке жарамды 200 ауылдық екі қолға бір күрек тапқан.

Төл өнімдеріне жергілікті және республикалық нарықтан бөлек, шетелден сұраныс бар. Макаронның 80 пайызы сырт елдерге шығарылады екен. Жергілікті кешенде дайындалатын тағам өнімдері негізінен Орталық Азиядағы Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстанға экспортталады.

 

Владимир Чубыкин, “Егін” ЖШС диірмен, макарон кешенінің директоры, Есіл ауданы:

– Біз өндіріс іргесін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сағатына 1 тонна өнім шығаратын жаңа желі орнатпақпыз. Оған қажетті құрылғыларды таңдап қойдық. Жер өңдеп бидай егеміз. Бірақ шикізаттан гөрі тұтынушыға дайын тауар керек. Сондықтан астықты өңдеу ісін дамытқымыз келеді. Макарон аталымын да арттыратын боламыз.

 

Диірменде бидайдан күніне 100 тонна ұн үгіледі. Шаруашылықта бұған қажетті шикізат қоры жеткілікті. Биылғы егіс науқанында иелігіндегі 7 мың га егістіктің 5 мыңына бидай тұқымын сеппекші. Өзгесі майлы дақылдардың үлесінде. Кәсіпорынның жоғары сапалы макарон өндіруге астық сақтайтын модулі де бар.

Сондай-ақ өңір жетекшісі аудандағы серіктестіктердің біріндегі танап басында диқандармен жүздесті. “Заградовское” ЖШС 16 мың га аумақта көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның 10 мыңында ғана ырыс дәні егілуде. Маңызды шаруаға 7 кешен, 65 трактор мен 74 дән сепкіш тартылған. Шаруашылық жер өңдеу мен асыл тұқымды мал шаруашылығын қатар алып жүр. Бүгінде қарамағындағы қазақтың ақ бас сиырларының саны 1500-ден асып жығылады. Биыл ғана етті бағытты жоғары өнімді ірі қара 417 төл беріпті. Зеңгі баба төлдері нәрлі шоқты шөп солғанша жайылымда  бағылады. Жылына 27 мың тонна астық жинайтын шаруашылық бидайды қоймаларда сақтайтын. Биылғы өнім мына су жаңа элеваторға құйылатын болды. Негізгі құрылысы аяқталған. Астық қабылдау нысаны 1 айдың ішінде іске қосылмақ.

 

Иван Фисенко, “Заградовское” ЖШС директоры:

-Өткен жылдың мамырында алғашқы тасы қаланды. Бүгінде құрылғыларды монтаждап жатырмыз. Дымқыл дәнді кептіргіш сағатына 80 тоннасын құрғата алады. Осы уақытта механикаландырылған жүйе 30 тонна бидай қабылдайтын болады. Жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна.

 

373 млн. теңгенің озық үлгідегі құрылғылары “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы лизингке алынды. Ал құрылыс жұмыстарын серіктестік өз есебінен жасап жатыр. Жалпы өңір агроқұрылымдары дәнді дақылдарды бар аумақтың 30 пайызына сеуіп үлгерген. Майлы дақылдар аяқталуға тәмам. Самат Ескендіровтың айтуынша облыста 2010 жылдан егіс алқаптарын әртараптандыру ісі қолға алынған. Бүгінде бидай аумағы 500 мың Га азайтылды. Есесіне майлы дақылдар мен мал азығының көлемі ұлғайтылыпты. Жалпы биыл өсімдік шаруашылығын жетілдіруге 3,3 млрд теңге субсидия бағытталған.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Бидай алқабының 1 гектарына 400 мың теңге субсидия қарастырылды. Майлы дақылдардың ішінде рапстың гектарына ғана үкімет 12 мың теңгенің қолдауын жасап отыр. Қатты сұрыпты дәнді дақылдар мен арпа 2,5 мың теңгеден бөлінді. Диқандар майлы дақылдарды арттыру өнімінің экспорттық әлеуетін жақсартатынын түсінулері керек. Мал шаруашылығы әлеуетін арттыру қамында мал азығының 1 гектарына 10 мың теңгенің демеуі жасалады. Бұның бәрі шаруаларды диверсификация жұмыстарын қолға алуға ынталандырады.

 

Былтыр техникалық парк 6 млрд. теңгеге жаңартылды. Ал биыл танап басына 600 млн теңгеге алынған заманауи кешендер шықты.

 

Жеңіс Ермұқанов