Білім

Солтүстікқазақстандық оқушылардың жобасы АҚШ-та өткен ғылыми байқауда үшінші орынға ие болды

Не ексең, соны оратының белгілі. Аграрлық өңірдің шаруаларын мазалайтыны – сапалы өнім алу. Өңір оқушылары бұл мақсатқа жетудің жолын тапқандай. Ол үшін қажетті қымбат тыңайтқышты алыстан арбалаудың қажеті жоқ болуы ықтимал. Өлке табиғатында көптеп кезігетін органикалық балшық сапрапель топырақтың құнарлылығын арттырудың кепілі екен. Бұны облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының оқушылары дәлелдеді.

Апалы-сіңлілі Динара мен Мадина Жұмағалиевалардың зерттеулері шетелдік мамандардың қызығушылығын тудырды. Бірлескен жобаны 11 сынып оқушылары АҚШ-та өткен жас ғалымдар байқауында сәтті қорғап шықты. Тақырып – көптеген елдерде басымдық берілген “Жасыл экономика саясаты”. Қазылар алқасы жергілікті өнертапқыштардың жұмысы үздік үштікті қорытындылауға лайық деп тапқан. Өміршең жобаға М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми қызметкері Наталья Белецкая жетекшілік етіпті. Сабақтарын кілең “беске” оқып жүрген биылдың үздік түлектері бастамаларын аяқсыз қалдырмауға ниетті. Олар болашақта ЖОО түсіп табиғи тыңайтқышты аграрлық өңірдің дәнді дақылдарына қосып, диқандардың еңбек өнімділігін арттыруға септесеміз дейді. Жергілікті органикалық зат жақыннан дорбалағаннан бұрын еш өңдеуді қажет етпейтіндігімен құнды.

 

Жеңіс Ермұқанов