Өнеркәсіп

“Қызылжар су” қондырғыларының 68 пайызы тозған

 

 

Баспасөз турына қатысушылар ең алдымен Борки кентіндегі қысым коллекторын көрді. Мұнда 2,5 метр тереңдікте жатқан шойын құбырлардың тозығы жеткен. Ескілері қазір диаметрі 160 мм болатын жаңа пластикалық құбырларға ауыстырылып жатыр.

Ал, мына техниканы “Қызылжар су” серіктестігі өткен жылы сатып алған. Бұрғылау қондырғысы жер астындағы құбыр ауыстыру жұмыстарына кететін қыруар қаражатты үнемдеп қалуға көп пайдасын келтіруде. Кәсіпорындағылар техниканы алғанымызға еш өкінбейміз, себебі құрылғының арқасында көлік, адам жүретін тас жолды қопармай, жерді көлденеңінен тесіп, құбырды алмастыру мүмкін болып отыр дейді.

Одан кейін журналистер Рузаев, 58  мекен-жайында орналасқан 10-шы кәріздік суды сорғылау станциясын барып көрді. Мұнда ұсақ-түйек сорғылау агрегаттары, желдеткіштің бәрін жаңасына ауыстыру қажет. Бұл жұмыстарға қаражат бөлінген. Жөндеу қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.

 

Антон Макаров, “Қызылжар су” ЖШС бас директорының орынбасары:

-Біз қазір нөмірі 10-шы түйіндік кәріздік сорғылау станциясында тұрмыз. Вокзал маңындағы 6-шағын  сорғылау станциядағы ағынды су осында келіп ағады. Кейін кәріздік сулар 1 шақырымда орналасқан коллекторға айдалады. Биыл инвестициялық бағдарлама шеңберінде мұндағы жабдықтарды толығымен энергоүнемдеу құрылғысына ауыстырамыз.

 

Былтыр “Қызылжар су” серіктестігі тарифтік смета шеңберінде 225 млн. тг көлеміндегі қаражатқа 10,5 шақырымдағы су құбыр жүйесін жөндеген. Сондай-ақ, кәріздік жүйелер ауысырылып, бірқатар құдықтар іске жаратылған. Соның арқасында негізгі құрылғылардың тозу деңгейі 2,5 пайызға төмендеген. Соған қарамастан, бүгінгі таңда қондырғылардың 68 пайызы тозған.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігі СҚО департаментінің басшысы:

-Былтыр біз 1 желтоқсаннан бастап “Қызылжар су” ЖШС-не 3 жылға тариф белгіледік. Оның ішінде 1 млрд. 200 мың тг. инвестициялық бағдарламасы бар. Қазір соның 336 млн теңгесін іске жаратып  жатырмыз. Былтыр горводоконалдың жағдайы дұрысталып, алғаш рет өз қызметі есебінен 56 млн. тг пайда алды. Жалпы серіктестік өткен жылы 122 млн. тг. көлеміндегі амортизация мен табыс көздері кәсіпорынның қайта құрылуы мен техникалық жабдықталуына жұмсалды.

 

Биыл 11 шақырым су құбыр жүйелері мен 3 шақырымдық кәріз жүйелері алмастырылады. Ол үшін технологиялық құрылғылар мен жүйелерді жөндеуге инвестициялық бағдарлама мен тарифтік смета шеңберінде 286 млн. тг. бөлініп отыр. Осы қаражатқа “Қызылжар су” кәсіпорны нормативтік-техникалық шығынды 18,5 пайызға дейін, ал негізгі құрылғылардың тозуын 67 пайыз дейін төмендетуді көздеп отыр.

 

Берік Қасен