Өнеркәсіп

Өткен жылы “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС 3 млрд теңгенің тапсырысын орындаған

 

Петропавл құбыр зауытының өндіріс нарығында жүргеніне 6 жыл болған. Үш елдің арасындағы кедендік одақ жұмысын бастағалы кәсіпорынның өндірісі кеңейген. Өйткені бастапқыда мұнда газ құбырын шығаратын бір ғана желі жұмыс істесе, 2013 жылы тағы 3-еуі іске қосылыпты. Сөйтіп, зауыт басшылығы, өз өнімімен жергілікті тұтынушыларды қамтып қана қоймай, Ресеймен де әріптестік қарым-қатынас жасайды. Мәселен, өткен жылы кәсіпорын 3 млрд теңгенің тапсырысын орындаған. Оның ішінде 185 млн. теңгенің өнімі Омбы, Түмен, Новосібір қалаларына экспортталған.

Зауыт биыл 360 млн. теңгенің өнімін сыртқа шығаруды межелеген. Қазірдің өзінде жоспар 245 млн. теңгеге орындалған. Сондай-ақ, кәсіпорын басшылығы еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі де бизнесті алға бастыратынына сенімді.

Бүгінгі күні аталған зауытта 75 адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 114 мың теңгені құрайды.

 

Бану Ахметова