Билік

Облыс әкімі Самат Ескендіров Астана және Қазақстан митрополиті Александрмен кездесті

 

 

Еліміз көпұлтты болғанымен, халықтар арасында дінаралық, конфессияаралық татулық нық орнаған. Олардың ешқайсысына өз діндерін уағыздауларына шектеу жоқ. Осының арқасында өңіріміздегі православ дініндегілер әулие құдай ана белбеуінің үзіндісіне қол тигізу мүмкіндігіне ие болды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Әулие құдай ананың белдігінің үзіндісіне солтүстікқазақстандықтардың қол тигізулеріне мүмкіндік бергендеріңіз үшін сіздерге алғысым шексіз. Бұл елімізге жеткізілген құнды діни жәдігерлердің бір болып саналады. Өңіріміз көпұлтты болғанымен халықтар арасында түсіністік-достық қарым-қатынас нық орнаған. Сіздердің келулеріңізді облыс халқы ұлт пен дінге бөлінбей бір адамдай күтті. Сапарларыңыз сәтті болсын демекпін.

 

Әулие құдай ана белбеуі біздің өңірге дейін еліміздің алты облысында болыпты. Осы уақыт аралығында жәдігерге 400 мыңнан астам халық қол тигізіп, құлшылық еткен.

 

Александр, Астана мен Қазақстан митрополиті:

– Әулие құдай ананың белдігі бірнеше бөлікке бөлінген. Олардың ең үлкені Испания, Грузия мен Мәскеудегі үлкен шіркеуде сақталған. Бізге ол сол жақтан жеткізілді. Қазақстанға әкелінгелі оған қаншама адам тәу етіп, өздерінің арман тілектерін айтты. Ондай мүмкіндіктен солтүстікқазақстандықтар да шет қалмағандығы үшін сізге өз ризашылығымды білдіремін. Халықтар арасындағы достық, татулық арта берсін.

 

Кездесу соңында мейман облыс әкімі Самат Ескендіровке Алматыдағы Вознесенский соборының тарихы жазылған кітап пен кәдесыйлық жұмыртқаны тарту етті. Жалпы, православ дінінде жұмыртқа өмірдің белгісін білдіреді дейді.

 

Самат Есмағи