Қоғам

Мешіттерде уағыз орыс тілінде де жүргізілетін болады

Еліміз көпұлтты мемлекет. Ислам дініндегі жамиғаттың барлығы қазақ тілін біле бермейді. Осы тұрғыда мешітте уағыздарды орыс тілінде де жүргізудің маңызы зор дейді мамандар. Ол үшін ең алдымен дін өкілдері 1 апталық арнайы курсты меңгермек. Оған орыс тілін жетік білетін имамдар қатысады. Біздің облысымыздан Астанаға арнайы оқу курсына 2 дін өкілі аттанғалы жатыр. Солардың бірі – Руслан Қайыргелді.

 

Руслан Қайыргелді, Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы:

– Елбасымыз айтуы бойынша сіздер білесіздер, тегіміз-түрік, кітабымыз – құран, дініміз – ислам деді. Осы асыл дінімізді басқаларға жеткізу үшін орыс тілді адамдарға, ислам дінін біле тұра, оны терең түсінбей жүрген қаншама қандастарымыз бар. Сондай қамқорлықпен Бас муфтиіміз Ержан қажы Малғажұлы ертең Астанада 20 -шы маусынан 27-не дейін семинар өткізбекші.

 

Қызылжар орталық мешітіне күніне орта есеппен 200-ден аса адам келеді. Ал жұма күндері мұнда ине шаншар жер болмайды. Арасында өзге ұлт өкілдері баршылық. Айта кету керек, бүгіннің өзінде мешіттегі арнайы жүгіртпе жолда уағыздар қазақ және орыс тілдерінде беріліп жүр.

 

Әбу-Бәкір Кәрменов, СҚО дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы:

– Біздің облысымызда өте көп ұлттар тұрады. Петропавл қаласында үш мешіт бар. Осы үш мешітке барлық ұлттар жұма намазына келеді. Мешіт имамдары қазақша уағыз айтады. Барлық ұлттар қазақ тілін білмейді. Имамдар уағыздың жартысын орыс тілінде айтса, мешітке келетін кісілердің саны артады.

 

Арнайы оқу курсын еліміздің барлық облыстарындағы мешіттерден 20 дін өкілі меңгермек.

 

Бану Ахметова