Қоғам

Мемлекеттік тілді дамытуда айтарлықтай алға ілгерілеушілік бар

 

Теріскей өңіріне мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін қыруар қаржы жұмсалатыны рас. Ол ақшаның абыроймен игеріліп жатқаны жайында Кемел Оспанов өзінің есепті баяндамасында нақты мысалдар келтіре отырып тоқталды. Биыл бұл бағытқа 44 млн. теңге жұмсалған екен. Облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы арқылы 2 жыл бұрын 69 топта мыңнан астам адам оқыса, қазір 124 топта 2 624 тұрғын білім алып жүр. Топтардың 4-уі ағылшын тілінде болса, қалғаны – қазақ тілінде. Өткен жылы мұнда 6 мыңнан аса адам “Қазтест” сынағын тапсырған. Ал, өңірдегі ұйымдар мен кәсіпорындарда мыңға жуық үйірмеде 12 мыңнан астам тыңдаушы дәріс алуда. Айта кету керек, бұл сабақтардың барлығы тегін жүргізіледі. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы өңірде қазақ тілді оқу-тәрбие мекемелерінің артқанын да атап өтті.

 

Кемел Оспанов, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы:

-1990-1991 оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ балаларының не бары 30 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған болса, 2013-2014 оқу жылында бұл көрсеткіш 66,5 пайызға жетті. Бүгінгі күні жалпы облыс бойынша 570 мектептің 139-ы – таза қазақ мектебі, 295-і – орыс және 136-ы аралас мектепті құрайды.

 

Облыста 2020 жылға дейін 34 мектепте қазақ сыныптарын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде өзге ұлт өкілдері де балаларын мемлекеттік тілде оқытуға айрықша ықылас танытып отыр дейді Кемел Оспанов. Бүгінде олардың қатары  344-ке жеткен. Кемел Оспанов баяндамасын оқып болғаннан кейін, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

 

Данаш Хамзина, МТРА тілшісі:

-Іс жүргізуші мамандардың жұмысын тексересіздер ме? Құжаттардың қазақ тілінде жазылуы мен толтырылуын.

 

Кемел Оспанов, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы:

-Былтырғы жылы біз облыс бойынша 160 білім мекемесін тексердік. Олардағы іс қағаздарда кеткен қателіктерді түзетіп, басшыларына осы қателіктерді көрсету арқылы арнайы хат жолданды.

 

Енді биыл басқарма мамандары әділет органдары, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелеріне тексеру жүргізбекші.

Өңірде ономастикаға байланысты мәселелер де оң шешімін табуда. Журналистер, брифинг барысында елді мекендердің ескірген атауларын өзгерту барысын сұрастырды. Айта кету керек, тәуелсіздік алғалы бері облыста он ауданның атауы өзгертіліп, 9 селолық округтің тарихи атауы қайтарылған.

 

Данаш Хамзина