Қоғам

Богородицаның белдігі Петропавлға жеткізілді

Сағат кешкі жетіде Петропавл әуежайына Қостанайдан ұшақ қонды. Оның ішінде құнды зат – Құдай ананың қасиетті белдігінің бір бөлігі бар. Оны кезінде Дева Мария өз қолымен уағыздаушы Фомаға табыстаған екен. 10-шы ғасырда белдік бірнеше бөлікке бөлініп, олар Болгария, Грузия, Кипр, Италия және Германияға жеткізілген. Құнды заттың бір бөлшегі Ресей шіркеуінде де бар екен. Нақ сол бөлік міне Қазақстанға жетті.

 

Александр,Астана және Қазақстан Митрополиті:

-Біз осы белдікпен  Қазақстандағы көптеген шіркеулерді араладық. 2 апта ішінде 350 мыңнан астам адам дұға оқып, мінажат етті. Міне бүгін белдік Петропавлға келіп отыр. Солтүстікқазақстандықтар да келіп бейбітшілік, келісім, достықты сұрап, Құдай анаға құлшылық етеді деген ойдамын.

 

Әуежайдан белдік шіркеуге жеткізілді. Онда қасиетті затты жүздеген петропавлдық тағатсыздана күткен. Мұнда кез-келген христиан дініндегі жерлесіміз дұға оқып, құлшылық етті. Аңыздарға сенетін болсақ, Дева Мария бұл белдікті түйенің жүнінен өзі тоқыған көрінеді. Құдай ананың белдігі өңірімізде 20 мамырға дейін болады. Кейін ол Павлодарға жөнелтіледі.

 

Мағжан Ахмадина