Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі С.Ескендіров бірқатар өңдеуші кәсіпорындарды аралады

 

 

Бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың бірі – Орталық Азиядағы баламасы жоқ бірегей “Молпродукт” сүт зауыты. Жылдық қуаты 85 мың тоннаны құраса, тәулігіне бұл кәсіпорын 500 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Бұған облыс әкімі Самат Ескендіров тағы бір көз жеткізді.

Жаңартылған нысанның өндірістік корпусында озық үлгідегі технологиялық қондырғылар орнатылған. Шетелден жеткізілген арнайы жабдықтар толықтай автоматтандырылған. Жаңаша жүйе сағатына 9,5 мың дана қаптама орайды. Тетрапак әдісімен өнімнің 40-қа тарта түрі өндіріледі. Бұл пайдалы азықтың ұзақ уақыт бойы нәрлігін жоймай, бүлінбеуі қамында жасалатын шара. Сондықтан 40 тәуліктен 9 айға дейін сақталып, жақын шетелдердің нарығына шығуға үлкен сеп болып отыр.

Өңірімізде бұрын-соңды болмаған аса қуатты, сыйымдылығы 120 мың тонна болатын элеватор да салынып жатыр. Астық қабылдау кешенінің құрылысы аяқталуға жақын, жоспардың 90 пайызы еңсеріліпті. 24 модульдік астық сақтағыш бар. Әрбірінің сыйымдылығы 5 мың тонна. Қоймаларда тұқым ұзақ мерзімге дейін бүлінбес үшін көптің сеніміне енген әлемдік соны технологиялар ендірілуде. Озық үлгідегі жабдықтар орнатылып жатыр. Жаңа кешеннің инвестициялық жоба құны 8 млрд. теңгеге жуық.

Құрылысшылар Самат Ескендіровті элеватор 2014 жылғы орақтың астығын қабылдауға әзір болады деп сендірді.

“Казмясопроодукт” ЖШС өлкедегі қарқынды дамыған кәсіпорындардың бірі. Ел нарығына шыққанына 10 жылдың жүзі болған. Өңір басшысы өндіріс ошағының цехтарын аралады. Мұнда ет және шұжық өнімдерінің 100-ден артық аталымы шығарылады.

 

Аркадий Вознюк,”Казмясопродукт” ЖШС директоры:

-Ауысымына 10 тонна шұжық өнімдерін шығара аламыз. Былтыр 520 тонна тауар өндірсек, биыл қуаттылықты 700 тоннаға жеткізуді жоспарладық. Кәсібіміздің іргесін кеңейту үшін мемлекеттің түрлі қолдау тетіктерін пайдаланбақшымыз. Жергілікті шикізатты қолданамыз. Малды союдан бастап дайын өнімге дейінгі технологиялық процесті өзіміз атқарамыз.

 

Болашақта кәсіпорын бірыңғай экономикалық кеңістікті пайдаланып, өнімін кедендік одақ елдеріне экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

 

Бұдан кейін өңір жетекшісі Самат Ескендіров 20 жылдық тарихы бар «Молсервис» ЖШС жұмысымен танысты. Қазір серіктестікте 20-дан астам сүт өнімдері шығарылады. Бүгіндері кәсіпорын шикізат ретінде күніне 15-17 тонна сүт өнімдерін сатып алады.

 

Елена Семенова, «Молсервис» ЖШС зертхана меңгерушісі:

– Жұмыс екі ауысымда жүреді. Өйткені біз сүтті тұрғындар мен жеке шаруашылықтардан аламыз. Сондықтан шикізат келгенде шаруа қыза түседі. Демалыссыз істейміз. Француздық құрылғылардың өнімділігі жақсы. Шығаратын тауарларымыздың сапасы да жоғары. Еш қоспасыз.

 

Кәсіпорын шығаратын сүт өнімдері өңірімізде ғана емес, жақын маңдағы облыстарға да жеткізіледі екен. Жалпы өткен жылы облыс 450 мың тонна сүт пен оның өнімдерін өндіріпті. Соның 200 мыңнан астамын осындай кішігірім шаруашылықтар береді екен.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жалпы біздің осы «Молсервис» сынды шағын кәсіпорындарымыз реконструкция жасауды көздеп отыр. Сондықтан жалпы біздің қойған мақсатымыз осы: 450 мың тоннаның 50 мың тоннасы ішкі қажеттілікті қамтамасыз етсе, қалған 400 мың тоннаның 200 мың тоннасын осындай кәсіпорындар өндіруге жұмыс жасау керек. Өңіріміздің сүтке қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Одан өзге біз өз қажеттілігімізден 10 есе артық сүт өндіреміз.

 

Үстіміздегі жылы өңірімізде тағы бір сүт өңдейтін кәсіпорын іске қосылады деп жоспарланған.

 

Жеңіс Ермұқанов, Мағжан Ахмадина