Спорт

Боулингтен республикалық турнир

 

Боулинг жолағында – Қазақстан және Ресей   шеберлері. Бұл жарыс ортаазиялық боулинг турнирінің 4-ші кезеңі аясында ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін Бішкекте өткен сында Владимир Поторочин 2-ші орынға ие болыпты. Ал, мұнда екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша, 5 үздік боулингшылардың арасынан көрініп отыр. Новосібірдегі университеттердің бірінде мұғалім болып істейтін ол боулингпен кәсіби түрде 12 жылдан бері айналысып келеді.

 

Владимир Поторочин, боулингтан спорт шебері, РФ, Новосібір қаласы:

– Мен қазақстандық спортшылармен әрдайым қарым-қатынас жасап тұрамын. Сондықтан да олар мені осы турнирдің болатынын айтып, шақыртты. Қуана келдім. Біздің қаламызда өзіміздің команда жасақталған. Әрдайым құрамамыз Ресейде өтетін боулинг турнирлерінде 2-3 орындарды алып жүреді. Командамыздың чемпион атанған кездері де болды.

 

Тартысты дода халықаралық стандарттарға сәйкес өткізіліп жатыр. Үздіктер 4-ші ойынның барасында анықталды. Нәтижесінде ақтық сынға 8 адам өтті. Қазір “десперадо” ойналуда. Яғни, үздік 8 спортшының арасына ене алмағандар тағы да бақтарын сынайды. Бұдан соң тағы екі ойыншының арасынан мықтылар анықталып, соңында барлығының жинаған ұпайлары жойылады. Содан соң бәрі тең дәрежеде 1000 долларды жеңіп алу үшін тартысқа түседі.

 

Махмут Исхаков, жарыстың бас төрешісі, боулингтан Қазақстан федерациясының техникалық хатшысы:

– Бұл жеке турнир. Ерлер мен бірге әйелдер де бақтарын сынайды. Жинаған ұпайларына сәйкес  жүлде қорындағы сыйлықты жеңіп ала алады. Жарысқа Петропавлдан өзге Астана, Алматы және Ресейдің спортшылары қатысуда. Атап өту керек боулингтан ұйымдастырылып жатқан сындарда жасөспірімдер жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

 

2020 жылға қарай олимпиадалық ойындарға боулингті де кіргізу жоспарланған. Сондықтан спорттың бұл түріне бет бұрғысы келетіндердің жасына шектеу қойылмаған. Мәселен, бүгінгі жарысқа қатысушылардың ең жасы 10-да болса, ең үлкені зейнеткерлікке шыққан. Барлығы 29 ойыншы бағын сынауда. Арасында Астананың намысын арқалай келген 16 жасар Илья Орлов та бар.

 

Илья Орлов, жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

– Мен 12 жасымнан боулинг ойнап келемін. Осы уақытқа дейін талай рет жеңіске жеттім. Бірақ бүгінгі мақсатым жүлделі орын алу емес, өзгелермен тәжірибе алмасу деп ойлаймын.

 

Жарысқа қатысушыларды қолдау үшін петропавлдық зейнеткер Надежда Коновалова да келген. Ол екі жылдан бері боулинг ойнап жүр екен.

 

Надежда Коновалова:

-Мені мұнда бірінші рет құрбым Галина алып келді. Сол кезден бастап біз боулинг ойнап келеміз. Қатты ұнайды. Келесі жылдан бастап, өзім осы сынға қатыссам деймін. Алдыма үлкен мақсат қойып отырмын.

 

Мұндай деңгейдегі турнир Петропавлда бірінші рет ұйымдастырылды. Бұл жолғы жарыс 1-ші боулинг орталығының 15 жылдығына орайластырылып отыр. Жарыстың бас демеушісі – “Карат” ЖШС. Сөйтіп, турнир қорытындысы бойынша, бірінші және екінші орындарды алматылық Евгений Кузнецов пен Геннадий Вологин алды. Олар мың және 800 долларды иемденді. Үздік үштікті біздің жерлесіміз, №10  орта мектептің оқушысы Александр Панченко қорытындылап, 600 доллар сыйақыны ұтып алды. Сондай-ақ ол қосымша жүлде қорындағы сыйақыға да ие болды. Нәтижесінде жерлесіміз 1400 долларды еншіледі.

 

Бану Ахметова