Қоғам

Тұрғындар қаңғыбастар ластаған ауланы тазарта алмай отыр

Дәл мына жерде  7 жыл бойы темір қорап тұрған екен. Оның ішін қаңғыбастар өз мекеніне айналдырып, ойына келгендерін істеген. Жуырда темір қорапты әлдекімдер алып тастапты. Панасыздар тастап кеткен тұрмыс қалдықтары үйіліп жатыр. Ол үй мен ауланың қақ ортасында орналасқан. Күн күрт ысығандықтан жағымсыз иісі үйлерге кіретін болған. Балалар да еркін ойнай алмайды.

 

Алла Ковалева:

– Бұл аумақтың кімге тиесілі екенінен бейхабармыз. Қаңғыбастар мұнда иттерді әкеп, соны азық ететін. Осы жерде 3 рет өрт те болды. Бір адамның өлі денесі де табылды. 1 айдан бері хабарласпаған жерім қалған жоқ. Ешқайсысы бізді тыңдағысы келмейді. Сейітжан Башарұлына қоңырау шалдым. Ол мені жер қатынастары бөліміне барыңыз, жердің кімге тиесілі екенін содан біліңіз деді. Неге оны мен іздеу керекпін?

 

Сатпаев көшесі, 25 мекен-жайында орналасқан бұл көпқабатты үйге 44 жыл болыпты. Сол уақыттан бері, осы жерде зейнеткер Николай Несен тұрып келеді. Ол шағымын арқалап, талай рет табалдырықты тоздырғандығын айтады. Бірақ еш нәтиже жоқ.

 

Николай Несен:

– Мен шағымымды жазбаша білдірдім. Нәтиже болмағандықтан, әкіммен өткен кездесулерде 4 рет проблемамызды көтердім. Соңғы кездесуім, қаңтар, ақпан айларында болатын. Біздің аумаққа жауапты депутат Аслан Сатинге де хабарластым. Ол бізге осы жердің иесін тауып, мәселенінің түйінін тарқатуға уәде берді.

 

Тұрғындар бәрі құр уәдемен тойдырып болды, бар үмітіміз 4-ші билік өкілдерінде дейді. Сондықтан да осы мәселеге қатысты біз қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарластық. Олар бұл проблемаға қатысты сұхбат беруден бас тартты. Ресми сұрау да салдық. Енді жауабын күтудеміз. Содан соң тұрғындардың проблемасын шешуге уәде берген қалалық маслихаттың депутаты Аслан Сатинге қоңырау шалдық. Ол мәселемен айналысып жатқанын айтты.

 

Бану Ахметова