Қоғам

Омарташылар іске кірісті

 

Мына алаңқайда ызыңдап, өріп жүрген «Карпат» тұқымдас аралар – өте еңбекқор жәндіктер. Күні-түні тыным таппастан алма ағаштары мен бақбақ өсімдіктеріне қонып гүлдерін тозаңдандырып жүр. Кейін таңқурайға көшеді. «Карпат» тұқымдас аралардың негізгі Отаны -Украина елі. Сондықтан оның бабын өзге елдерге қарағанда украиндықтар жақсы біледі. Бал жинайтындары 6-дан 9 ай, аналықтары 5 жылға дейін өмір сүреді. Далада құрғақшылық болғанда, бөгде иісті сезгенде және қатты жел соққанда мазасыз күйге енеді. Білместіктен маңайына тірі жан барып қалса, оңдырмай шағады. Бұл жағдайда омарташылар оларды мына шүмекті түтінқағармен тыныштандырады екен.

 

Олег Гаврилов, СҚО ара өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

-Аралар Жамбыл облысы, Мерке ауданында қыстап шықты. Биыл 500-ден астам ара жанұясын әкелдік. Өңірдегі омарташылардың барлығын өнімділігі жоғары бал араларымен қамтамасыз ете аламыз. Бір жанұяны 15 мың теңге шамасында сатамыз. Себебі, карпаттардың өнімділігі жоғары, үш ай ішінде 100 келіге дейін бал береді.

 

Жыл сайын шаруа қожалықтары алқаптарына зығыр, қарақұмық, түйежоңышқа тағы да басқа көпжылдық шөптерді отырғызады. Бұл омарташыларға мол пайда келтіретін көрінеді. Себебі аталған дақылдарды тек мал ғана емес, сонымен қатар аралар да қорек етіп, одан бал түзеді екен. Егер биыл балды дақылдар көптеп себілсе, тиісінше тәтті шырынды жинаушы жәндіктердің жұмысы артады деген сөз.

 

Олег Гаврилов, СҚО ара өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

-Биыл өнімдерімізді Ресейдің Сургут, Түмен облыстарына саудалаймыз. Қазір Санкт-Петербор қаласында өтетін үлкен жәрмеңкеге арнайы шақырту алдық. Сәтін салса тамыз айында барып келмекпіз. Бұдан бөлек басқа да елдерге бал өнімін экспорттау ойымызда бар. Қазір мәскеуліктермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Олардан біз ара шаруашылығына қажетті жабдықтар, инвентарь мен дәрі-дәрмектер сатып аламыз.

 

Бүгінде «Океан» және «Коммуналдық базарда» қауымдастыққа тиесілі арнайы екі сауда дүңгіршегі жұмыс істеп тұр. Онда бал өнімдерінен бөлек омарташылықпен айналысамын деген адамдарға қажетті жабдықтар сатылымға қойылған. Аталмыш кәсіпті меңгергісі келгендерге жол ашық. Олег Гавриловтың айтуынша, ниет қойғандар істің қыр-сырын бір жаздың ішінде тез меңгеріп шыға алады.

 

Берік Қасен