Қоғам

Жыл басынан өңірімізде 1212 отбасы шаңырақ құрды

«Нұр Отан» партиясы “Бақытты отбасы” жобасын қолға алған. Мақсат – жанұя беріктігін сақтау. Үйлену оңай, үй болу қиын деп бекерге айтылмаған. Жұптары жарасқан жастар бүгін шаңырақ көтерсе, ертеңдері ажырасып жатады. Оған себептер көп. Алайда отбасында туындаған болмашы мәселені ерлі-зайыптылар бірігіп шешудің орнына, оған ажырасу арқылы нүкте қоямыз десе, ол қателік болып табылады. Оны өскелең ұрпақ жадына тоқулары қажет. Бұл ретте олармен көптеген қоғамдық бірлестіктер жұмыс істеуде. Солардың бірі салауатты өмір салтын қалыптастырудағы “Жастардың денсаулық орталығы” ұйымы.

 

Зульфия Студенихина, “Жастардың денсаулық орталығы” ҚБ жетекшісі:

-Бірлестігімізге мүшелікке енген жастарға біріншіден, салауатты өмір салтын ұстауды үйретеміз. Сондай-ақ жұмыс барысында біз оларға отбасын құру, бала тәрбиелеу, ел халқының санын арттыруда да кең мағлұмат береміз. Себебі бүгінгі жас ертеңгі күні отағасы мен отанасына айналады. Кез-келген ата-ана өздерінің ұл- қыздарын болашақ өмірге бала күнінен тәрбиелеу керек деп ойлаймын.

 

Отан отбасынан басталады дейді. Алайда бүгінде ол жоққа айналып бара жатыр десек, артық айтқандық болмас. Себебі үйлену мен ажырасу көрсеткіші деңгейлес. Облысымызда жыл басынан 1212 адам шаңырақ көтерсе, ажырасқандар саны 727 құрап отыр. Өткен жыл азаматтардың хал актілерін тіркеу кітапшасына үйлену жайлы 4805 жазба тіркелсе, 2067 адам некелерін бұздыруға өтініш берген. Статистикалық көрсеткіш көңіл көншітерлік емес.

Ажырасушылардың дені 40 -45 жас аралығындағылар. Орта жасқа келген ел ағалары мұндай қылықтарымен жастарға қандай үлгі бермек. Осы жағын ойланғанымыз абзал.

 

Самат Есмағи