Құқық қорғау органдары

Теміржол бойында сақ болған жөн

 

Қайғылы оқиға қаңтар, ақпан айларында Булаево, Токшын және Кондратовка бекеттерінде орын алған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жапа шегушінің үшеуі де әйел. Олар темір жолдың белгіленбеген жерінен өтпек болып, пойыздың астына түскен. Абырой болғанда, биыл бала өлімі тіркелген жоқ.

 

Серікбай Омаров, Петропавл станциясы желілік ішкі істер бөлімнің ӘПБ инспекторы:

-Өткен жылы 4 ай ішінде 906 адам әкімшілік құқық бұзғаны үшін ұсталса, биыл бұл көрсеткіш 1047 -ні құрады. Олар темір жол маңында спирттік ішімдік ішкендер, қоғамдық орындарды тұрмыстық қалдық, қоқыстармен ластағандар. Және кейбірі темір жолдан көмір ұрлады. Біразына 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

 

Жыл басынан желілік ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция өкілдерімен бірігіп, тұрақты түрде рейд жұмыстарын жүргізіп тұрады. Бірігіп атқарылған жұмыстың нәтижесінде темір жол маңынан есірткі затымен теріскейдің 6 азаматы ұсталды.

 

Серікбай Омаров, Петропавл станциясы желілік ішкі істер бөлімнің ӘПБ инспекторы:

-Заңсыз есірткі айналымына қатысты 1 тоқсанда 79 адамға әкімшілік айыппұл салынды, кейбіреуі 3 тәулікке қамауға алынды. Әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 505 мың теңгеден асып жығылады. Бүгінде оның тек 55 500 теңгесі борышкерлерден өндіріліп алынды.

 

Жалпы жыл басынан тәртіп сақшылары мыңнан астам солтүстікқазақстандықты әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Полицейлер алдын алу шараларын жалғастырмақ.

 

Берік Қасен