Құқық қорғау органдары

Сот орындашылары борышкерлерді учаскелік полицейлермен бірлесіп аралайды

Әкімшілік заңнама қанша қатайтылса да, қарыздарын қайтаруға асықпайтын борышкерлер жетерлік. Облыстық сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің Петропавлдағы аумақтық бөлімінде ғана мұндай 23 мыңнан астам атқару құжаттары бар. Сондықтан айыппұлдарды өндіріп алуда сот орындаушылары мемлекеттік органдармен әріптестік орнатудың маңызы зор дейді.

 

Әсел Қоқанова, СҚО сот актілерін орындау департаменті бөлімінің басшысы, аға сот орындаушысы:

-2014 жылдың алғашқы тоқсанында біз жол полициясы өкілдерімен рейдтік шаралар жүргіздік. Мемлекет қазынасына 200 мыңнан астам қарыз қайтарылып, 5 көлік айып тұрағына жеткізілді. Онымен қоса сот орындаушылары учаскелік инспекторлармен жиі жұмыстар жүргізеді. Осы шаралардың барлығы жауапкершіліктен қашып жүрген борышкерлерден қарызды өндіріп алуға бағытталған.

 

Кездесуге жиылғандар борышкерлердің берешектерін қайтара алмауының негізгі себебі жұмыссыздық болып отырғанын алға тартты. Сондықтан сот орындаушылары онсыз да екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің соңына түсіп, түртпектегенше, оларды қоғамдық жұмыстарға тарту керек дейді.

 

Татьяна Баранова, СҚО сот актiлерiн орындау департаментi Қызылжар аумақтық бөлiмi филиалының басшысы:

– Өзгерістер енгізу керек дегенде мен ылғи әкімшілік айыппұлдарды қоғамдық жұмыстарға алмастыру керек деп жазамын. Сол тұста олардан көмек көбірек болады деген ойдамын. Қала да тазарады, жағдай да жақсарады.

 

Жиын барысында бұл пікірмен келіспейтіндер де табылып жатты.

 

Асылбек Қоңыратов, СҚО прокуратурасы 1-ші басқармасының аға прокуроры:

-Бұл жерде тек ішімдікке салынып, қаңғыратындар ғана емес қой. Борышкерлердің қатарында мүгедектер мен ауру адамдар да бар. Олардың көпшілігі қоғамдық жұмыстарды көтере алмауы да мүмкін. Сондықтан медициналық жағдайын тексеру керек.

 

Жалпы бүгіндері СҚО сот актілерін орындау департаментінде 36 мың 158 атқару құжаты бар.

 

Мағжан Ахмадина