Денсаулық сақтау

Петропавлдық мамандар жаңа жабдық көмегімен күрделі оталар жасай бастады

 

Бұл осымен екінші операция. Новосибирск қаласынан келген травматолог-ортопед дәрігер Роман Симагаев 3-ші қалалық аурухананың емделушісінің аяқ буынының алдыңғы крест тектес байланысына ота жасауда. Бұл операциядан кейін емделушінің тізе буынының жұмысы қалыпқа келеді дейді дәрігер. Өйткені бұлай жасалған ота өзге бұлшық еттердің тінін жарақаттамайды. Және 4 айдың ішінде аяқ буыны толықтай қалыпқа келеді. Бұған дейін 1 жыл қажет болған екен.

 

Роман Симагаев, Новосибирск қаласының ұлттық жарақаттық ғылыми-зерттеу институты клиникасының травматолог-ортопед дәрігері, РФ:

– Мұндай отаны сіздердің қалаларыңызда бірінші рет жасап отырмын. Мені осындағы әріптестерім шақыртты. Ең бастысы сіздерде жаңа жабдық бар. Енді бұндай оталарды жергілікті дәрігерлер өздері жасайтын болады.

 

Жуырда алынған АҚШ-тың артроскопиялық тірек аппаратымен операция жасау әлдеқайда тиімді. Өйткені, бұл жабдықтың көмегімен иық және тізе буынның барлық байланысына ота жасауға болады. Аппараттың құны 28 млн теңгеден асады.

 

Никос Леонов, 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінің меңгерушісі:

– Бұл құрылғы Қазақстан бойынша тек біздің облысымызға алынды.Операцияға уақыт көп кетпейді. Ескісінен әлдеқайда тиімді. СҚО денсаулық сақтау басқармасының арқасында осындай жабдыққа ие болып отырмыз. Және біз үшін шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Бұдан соң өзіміз ота жасайтын боламыз. Негізі мұндай операцияны біз 6 жыл қатарынан өткізіп жатырмыз.

Петропавлға екі күнге келген дәрігер осындай 7 науқасқа ота жасамақ.

 

Бану Ахметова