Қоғам

Петропавлда жолдардың ой-шұқыры тегістелуде

 

Қазір Тоқсан би көшесі бойындағы жөндеу жұмыстары қызған. Бұл жерде «КоммунСтройСервис» ЖШС-нің бір бригадасы ескі асфальтты кесіп, кішігірім шұңқырларды тегістеу жұмыстарымен айналысуда.

 

Сергей Ерохин, «КоммунСтройСервис» ЖШС шебері:

-Бұл жерде 8 адам жұмыс істеп жатыр. Тағы асфальтты кесетін 2 және қосымша 3 техника бар. Біздің бригада жаңа асфальтты төсейтін келесі топқа жолды дайындайды. Кейін өзіміз басқа учаскелерге кірісеміз.

 

Ал Әуезов көшесі бойында кәсіпорынның келесі бригадасы асфальт төсеп жатыр. Жалпы облыс орталығының жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстары сәуірдің ортасында басталған. «КоммунСтройСервис» ЖШС өзіне тиесілі 10,5 мың шаршы метр қалпына келтірілуі тиіс жолдың 80 пайызындағы шаруаны тындырған.

 

Виталий Холкин, «КоммунСтройСервис» ЖШС шебері:

– Тендер бойынша атқарылуы тиіс шаруаның негізгі бөлігі еңсерілді. Қазір біз орталық көшелердегі жұмысты аяқтап, шеткілеріне ауыстық. Бүгіндері 15 техника мен 25 жұмысшы 3 бригадаға бөлініп асфальт төсеу ісін жүргізіп жатыр.

 

Жалпы облыс орталығындағы жолдарды қалпына келтіріп, жамап-жасқауға қалалық бюджеттен 40 млн. теңгеден астам қаржы бағытталған.

 

Мағжан Ахмадина