Мәдениет

Мұражайшылар сайысы

 

Рахима Ірікбаева сайыста Қызылжар ауданының намысын қорғауда. Ол 14 қаңтардан бастап Пеньков ауылында жаңадан ашылған мұражайға жетекшілік етіп келеді. Себебі аталмыш өлкенің тарихымен жіті таныс. Нәзік жанды сонымен қатар мұғалімдікті қатар алып жүр. Жерлесіміз Пеньков ОМ-де тарих және қоғамтану пәндерінен оқушыларға сабақ береді.

 

Рахима Ірікбаева, Пеньков ауылы мұражайының меңгерушісі, Қызылжар ауданы:

-Жақсы адамдармен, өзімнің әріптестеріммен кездесіп, өзіме көптеген керекті мәліметтер алдым. Бүгінде мұражай қорында 500-ге жуық тарихи құжаттар, жәдігерлер бар. Оны  құнды жәдігерлермен толықтыру үшін ауыл тұрғындары, мұғалімдермен бірлесіп жұмыс атқарудамыз.

 

 

“Туған өлкемнің аңызы” атты облыстық байқау 18 мамырда тойланатын халықаралық мұражай күніне орай ұйымдастырылыпты. Оған өңірден 13 үміткер қатысуға тілек білдірген.

Сайыскерлер  өз өлкесіндегі сұлулығы көз тартатын әсем табиғаты мен көрікті жерлері жайлы, ауыл мен аудан атауының шығу тарихы мен елді мекеннің өсіп-өркендеу жылдарына қысқаша шолу жасады.

 

Клара Қошаева, Ғ.Мүсірепов атындағы мұражай меңгерушісі, Жамбыл ауданы:

-Мұражай қызметкерлерін мерекелерімен құттықтаймын. Бәріне сәттілік, табыс тілеймін. Осы еліміздегі бар мұражай мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра берейік.Бейбіт өмір, аспанымыз әрдайым ашық болсын.

 

Экскурсия жетекшілерінің тарихтан өзге басқа ғылым салаларынан білім көкжиегі қаншалықты? Және мұражайға келген түрлі жас санатындағы адамдарға экспонаттарды қалай түсіндіріп, сипаттайды? Ұйымдастырушылардың байқауда көздегені осы.

 

Жансая Сембекова, «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің қор сақтаушысы:

-1 байқау 2012 жылы өткен болатын. Бұл жолғы байқау СҚО тарихи-өлкетану мұражайының 90 жылдық мерейтойына арналады. Байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашында сайыскерлер өз өлкесінің тарихын айтатын болса, екіншісінде киіз үй тақырыбына байланысты әр қатысушы мүмкіндігінше өз ойларынан шағын экскурсия ұйымдастыру керек. Соңғысында олар белгісіз бір затты көркем тілмен сипаттап беруі қажет.

 

Бүгінде облыс бойынша 12 мұражай халыққа қызмет етеді.

 

Берік Қасен