Мәдениет

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың құрылғанына 80 жыл

 

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бұқараға қызмет көрсетіп келе жатқанына 80 жыл. Ұжым қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтауға келген меймандар алдымен кітапхана алдындағы Сәбит Мұқановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін “Облыстық кітапханалар уақыт аясында” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Жиынға қатысушыларды облыс әкімінің атынан Фархад Қуанғанов құттықтады.

80 жылдық тарихы бар мекемеде бүгінгі күні 14 бөлім мен 1 электрондық кітапхана, 4 сайт жұмыс істейді. Сондай-ақ электрондық каталог та бар. Ондағы жазбалар 450 мыңның үстінде болса, жалпы әдебиет қоры 500 мыңнан асады. Мұның бәрі 1 ғасырға жуық еңбектің арқасында жинақталды дейді зейнеткер-кітапханашы Валентина Петрова.

 

Валентина Петрова, зейнеткер-кітапханашы:

-Мен осы кітапханада 30 жылдан астам еңбек еттім. Бұл еліміздегі іргелі кітапханалардың бірі. Алғашында мұндағы әдебиеттерді халық тек жаздырып алып оқыса, бүгінде оның электрондық нұсқасына қол жеткізіп отыр. Кітапхана заман ағымынан қалған емес, қалмайды да.

 

Қазіргі күні аталмыш мекеме штаты 72 адамды құраса, оның 53-і кітапханашылар. Олар жылына шамамен кітапханаға келетін 30 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді екен. Бір ғасырға жуық тарихы бар мекемеден кез-келген тілдегі әдебиеттерді кездестіруге болады. Мерейтой иелерінің қуанышына ортақтасқан ҚР Ұлттық кітапханасының бас директоры Әлібек Асылбайұлы ұжымға өзінің тарту-таралғысын жасап, кейін мәдениет министрінің құттықтауын жеткізді.

Адамзат баласының жүріп өткен жолын тарихтан білеміз. Ал тарих ол кітап. Кітапты өзіне азық еткен адамның көзі ашық, көкірегі ояу болады деп атап көрсетті конференция барысында сөз алған жазушы Бексұлтан Нұржекеев.

Аталмыш мекемедегі электрондық кітапхананың жұмыс істегеніне биыл 11 жыл. Ол «Қазақстан мен Ресейдің шекарадағы кездесулері» атты мега жоба  шеңберінде құрылған. Қазір аталмыш бөлім тек еліміздің кітапханаларымен ғана емес сондай-ақ Ресейдің Қорған, Омбы, Мәскеу қалаларымен де қоян-қолтық жұмыс істеуде. Бұған Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың арқасында қол жеткізіліп отыр деп атап көрсетті жиын барысында сөз алған Пушкин атындағы Омбы облыстық кітапханасының директоры Александр Ремизов. Ол да өз кезегінде әріптестерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, оларға Омбы облысы министрінің алғыс хатын табыс етті. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция 2 күнге жалғаспақ.

 

Самат Есмағи