Мәдениет

“Туған жер” ансамблінің көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин 55 жасқа толды

 

 

Сахна шымылдығы поляктың «Оберег» биімен ашылды. Мұны ансамбль мүшелері 2 айдың ішінде ғана үйреніпті. Қыздардың киім үлгілері де сырттан нәзік, әсем көрінгенімен, салмағы 5 келіге жуық.

«Туған жер» би ансамбліндегі қыз-жігіттер сахнада 4 жылдай билеп жүр. Ал Дінмұхаммет Қахарбеков олардың қатарына 2,5 жыл бұрын қосылған.

 

Дінмұхаммет Қахарбеков, «Туған жер» би ансамблінің бишісі:

-Осы ансамблге келгеніме 2,5 жыл болды. Репертуарымызда 30 шақты би бар. Оның барлығын білемін. Осы сольный концертіміздің шымылдығын поляктың “Оберег” биімен ашамыз. Ізінше қазақ, славян билері кетеді. Соңын сыған биімен доғарамыз.

 

16 адамнан жасақталған «Туған жер» ансамблі түрік, славян өзге де халықтардың биін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Себебі ұжымның көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин өнерсүйер қауымның талғамын жазбай таныған. Оны бүгінде халқы мойындайды және онымен мақтанады.

 

Михаил Лахтин, «Туған жер» би ансамблінің балетмейстері:

-Өнер сүйер қауымға «Туған жер» би ұжымы 18 биді үзіліссіз орындады. Және олардың ізбасарлары да сахнаға шықты. Олар № 8 эстетикалық бағытта тәрбие беретін мектептің оқушылары. Кешімізде 4 жылғы жетістігімізді қорытындылаймыз.

 

Михаил Лахтиннің мерейтолық кешіне жора-жолдастары мен шығармашылығына таңданыспен қарайтын тұрақты көрермендері жиналды.

 

Жамбыл Тасеменов, зейнеткер, облыстың құрметті азаматы:

-Ол еңбеккор адам. Қазақтың, орысты, басқа да ұлттардың биін дамытып, өркендетуге бар жанын салып жүр. Тиісінше халықтың зор ықласына бөленіп жүр. 55 жасқа толуымен құттықтаймын. Одан әрі шығармашылық шабыты арта берсін. Арманы жүзеге ассын. Денсаулығы мықты болсын.

 

Нығмет Әбенов, журналист:

-Михаилмен 80-ші жылдан бері жолдаспыз, сахнада бірге өнер көрсетіп жүрміз. Оның әрбір басқан қадамы, осындай дәрежеге қалай жеткені менің көз алдымда. Сондықтан оған табыс тілеймін. Және айтатын болсам, көптеген билерді ол өзі қойып жатыр.

 

Кеш соңында Михаил Лахтинді 55 жылдық мерейтойымен облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтап, өңір басшысы Самат Ескендіровтың атынан “Облыс мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін” құрмет грамотасымен марапаттады. Ал би ұжымына ықылас гүлін тарту етті.

Би әлемінде шекара жоқ деген сірә, осы болар. Сахна бір сәтке той-думан орталығына айналды. Мазмұнға толы түрлі ұлттың билері мен қанық түстерге боялған киімдер. Мұның бәрін зал толы көрермен есепке алып, концертке ұқыпты дайындықпен келген майталманға және оның ізбасарларына бес деген бағасын берді.

 

Берік Қасен