Құқық қорғау органдары

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР ІІМ ақпараттық-насихат тобы келді

 

Ішкі істер министрлігі тарапынан үстіміздегі жылы аудандық полиция бөлімшелеріне басымдық берілмек. Сол себепті, республикалық ақпараттық-насихат тобы Елбасы жолдауын түсіндіру жұмыстарын алыстағы Уәлиханов ауданынан бастады. Топ мүшелері ең алдымен Ішкі істер органдарының ардагері, тыл еңбеккері Сабыр Ережеповпен кездесті.

 

Болат Қаженов, ҚР ІІМ кадр жұмысы жөніндегі бөлімінің басшысы:

-Талай-талай мықты қызметкерлер болды. Солардың бірі – сізсіз. Сізге деген зор құрметпен жұмыс сапары барысында алғашқы болып сіздің шаңырағыңызға кірдік. Сізге тек жақсылық тілейміз.

 

Жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Сабыр Ережепов саналы ғұмырын осы салаға арнаған. Бұрынғы Қызылту, қазіргі Уәлиханов ауданындағы ішкі істер органдарында 27 жыл жұмыс істеген. Бірнеше жыл бойы бөлімше кезекшісінің көмекшісі қызметін атқарыпты. Қария зейнетке шыққанда да бөлімшеге жиі келіп, қоғамдық шараларға қатысып тұрған екен. Алайда, 3 жыл бұрын көз жанарынан айрылыпты.

 

Сабыр Ережепов , Ішкі істер органдарының ардагері :

-Жастармен кездескенде бұрын қалай жұмыс істегенімізді айтып отырамын. Қазір барлық жағдай жасалған. Біздерден үлгі алыңдар, тәртіпті болыңдар деп айтамын.

 

Ақсақалдың үйіне жиі келіп тұратын әріптестері бұл жолы қысқа толқынды пешті сыйға тарты.

Сондай-ақ, бұл күні Ішкі істер министрлігі ақпараттық-насихат тобының мүшелері аудан басшылығымен бірге Ұлы Отан соғысында оққа ұшқан жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ал облыстық Ішкі істер департаменті мен мамандандырылған күзет қызметі басқармасында ақпараттық-насихат тобының мүшесі – ҚР ІІМ Ақтөбе заң институтының кафедра басшысы-полиция полковнигі Айгүл Майданова жеке құраммен кездесу өткізді. Басты мақсат – Жолдаудың басымдықтарын түсіндіру.

 

Данаш Хамзина