Қоғам

Илья Залманов атындағы 1-ші қысқа көше тұрғындары жол азабын шегуде

Күн ысып, көшелер құрғап жатқанда Петропавлдағы Илья Залманов атындағы 1-ші қысқа көше тұрғындары батпақтың ортасында отыр. Өйткені қыста жауған қар еріп, көлшікке айналған. Су жерге әлі сіңбеген. Бұл көрініс бірнеше жылдан бері қайталанып келеді дейді тұрғындар. Олар шағымдарын айтып, талай рет табан тоздырыпты. Бірақ нәтиже жоқ. Мұнда 27 жылдан бері тұрып келетін зейнеткер Владимир Дорохов әкімдікке көшеге тас жол төсесе деп 2007 жылдан бері айтып жүрміз, нәтиже жоқ дейді.

 

Владимир Дорохов, зейнеткер:

– 7 жыл бұрын шағымымызды айтып әкімдікке бардық. Өтінішімізге әкім қол қойып, жол салатынын айтты. Бірақ, бәрі сол қалпында қалды. Бұдан кейін де бірнеше рет бардық. Қаражат жоқ деді. Сонда біз салықты не үшін төлейміз?!

 

Қыста жауған қар сыртқа шығарылмайды. Сондықтан, көктем келісімен ақ ұлпа еріп, көше көлшікке айналады, тас жол болмағандықтан, балшық жаз бойына езіліп жатады дейді мұндағылар.

 

Нұржамал Нұрсейітова, тұрғын:

– Көше бар, жол жоқ. Жазда суға белшеден батамыз. Жүре алмаймыз. Балалар мен ауру кісілер бар. Жедел жәрдем өте алмайды. Әр үйде машина бар. Бірақ  ол машинамен жүре де алмаймыз. Назарбаев мектебін салды. Дәл жанымызда. Ал, біз мұнда батпақта қалдық. Жол керек, бар өтінішіміз осы.

Ал  Гүлсім Закериянованың мұнда тұрып жатқанына көп бола қоймапты. Ол өз қаржымызға жарық орнаттық, енді жол мәселесі шешілсе дейді.

 

Гүлсім Закериянова, тұрғын:

– Көшіп келгенімізге 2 жыл болды. 2 жыл бойы жарықсыз отырдық. 600-700 мыңға өз күшімізбен жарық орнаттық. Оңай емес. Дегенмен балаларым несие алып, жарық өткіздік. Енді, жол жоқ, батпақта қалдық.

 

Бұл мәселеге қатысты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарластық. Ондағылар жақын арада Илья Залманов атындағы 1- ші қысқа көшеде жол төселмейтіндігін айтты. Ал, тұрғындар болса, өрт орын ала қалса, мұнда құтқарушылар да келе алмайтынын айтып, дабыл қағуда.

 

Бану Ахметова