Қоғам

Биыл Петропавлда 11 мың шаршы метр жерге гүлдер отырғызылады

 

Бүгіндері «Қуғын-сүргін құрбандарына» арналған ескерткіш маңында, Погодин атындағы орыс драма театрының алаңында гүлдер отырғызылған. Қазір «Коммунхоз Петропавл» ЖШС қызметкерлері «Тәуелсіздік стеласы» жанында өсімдіктерді отырғызу жұмыстарымен айналысуда.

 

Ирина Морозова, “Коммунхоз Петропавл” ЖШС гүл өсірушісі:

– Таң атысымен осы жерге келдік. Петуния гүлінің 3 түрін егіп жатырмыз. Түстері де әртүрлі. Күннің көзі формасында сарысын, тағы қызыл, ақ түрлерімен үшбүрыш, өрнектерді салып жатырмыз.

 

Биыл кәсіпорындағылар гүлзарларға отырғызылатын тагетис, сальвия және өзге де гүлдердің ерекше безендірілуін мықтап қолға алған. Айталық облыстық әкімдік жанындағы гүлбақтың бірінде мәңгілік ел нышаны бейнелеген ерекше гүлдер композициясы орын тепкен. Ал енді бірінде өсімдіктер ою-өрнек түрінде отырғызылған.

 

Мағжан Ахмадина,тілші:

– Биыл Петропавл гүлзарларында жаңа целлозия гүлдері пайда болды. Голландиядан әкелінген өсімдіктің екі түрі теріскейдің ауа райына бейімделген. Бүгіндері оның 500 түбі отырғызылыпты.

 

Күн жылынысымен қала көшелерінің абаттандырылып, гүлге көмкерілуі тұрғындардың да көңілінен шығуда. Әсіресе, жаз келіп, Қазақстан Конституциясы көшесінің бойы ерекше құлпыра түсті.

 

–  Жиі қыдырамын. Сонда әдемі болып тұрады.

–  Жыл санап қаламыз көркейіп, гүлденіп келеді. Ауасы да таза. Қоқыстарды да көрмейсің. Әсіресе мына гүлдер өскенде жақсы болады. Айнала қызылды-жасылды болып, көшелерге сән береді.

 

Жалпы 11 мың шаршы метрге жуық жерге гүлдер егілмек. Ол мақсатқа қала бюджетінен 7,5 млн теңге бөлініпті. Биыл «Коммунхоз Петропавл» ЖШС жылыжайында өсірілген гүлдерден басқа, кей өсімдіктер Голландия мен Жамбыл облысынан әкелінген.

 

Мұрат Қалиев, “Коммунхоз Петропавл” ЖШС директоры:

– Сәуірде біздің қызметкерлер Астанада өткен флористер мен гүлдер көрмесіне қатысты. Сол кезде Жамбыл облысының мамандарымен өсімдік жеткізу жөніндегі келісімге келген болатынбыз. Олар голландық технология бойынша жұмыс істейді екен.

 

Гүл отырғызу науқаны маусымның 10-на дейін жалғасады.

 

Мағжан Ахмадина