Қоғам

Ауласы гүлге толған үйлер бар

 

Чайковский көшесі, 21 мекен-жайында орналасқан бесқабатты үйдің бой көтергеніне 40 жылдан асқан. 120 пәтерлі баспанада негізінен қарт адамдар тұрып жатыр. Жастары егде тартқанына қарамастан, олардың ешқайсысы баспана мен ауланың тазалығына бей-жай қарамайды. 85 жастағы қария Зинаида Дренгаль  үй жанындағы аулаға гүл отырғызып, күтіп-баптауды өз мойнына алған.

 

Зинаида Дренгаль, тыл еңбеккері:

-Мен үнемі ауланың таза болғанын қалаймын. Гүлдерді күтіп-баптаумен көп жылдан бері шұғылданамын. Зейнеткер болғандықтан, уақытым көп, күнделікті гүлдерді суарып, қарап отырамын.

 

Баспана тұрғындары ауланың таза, әрі көрікті болуына барынша атсалысуда. Жылда көктем-күз уақытында үй маңын қоқыстан арылтып, балалар ойнайтын ойын алаңқайы мен шарбақтарды бояйды. Биыл әдеттегідей, пәтер тұрғындары қолдарына сыр алып, қоршауды бояуға кірісті.

 

Тамара Малуева, үй тұрғыны:

-Біз бұл үй салынған кезден бастап осында тұрып келеміз. Сондықтан да баспанамыздың тазалығына өзіміз жауаптымыз. Алайда біздің еңбегімізді бағаламай, гүлдер мен ойын алаңындағы құрылысты бүлдіріп кететін адамдар да кездеседі.

 

Әр баспананың күтімі мен тазалығына жауапты пәтер иелері кооперативі бар. Владимир Айперт бұл үйдегі ПИК-ке 4 жылдан бері жетекшілік етеді. Кооперативте бухгалтер, сантехник пен электрик бар.

 

Владимир Айперт,Чайковский көшесі, 21 ПИК төрағасы:

-Өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының арқасында 22 млн теңгеге үйдің шатырын жаңадан ауыстырдық. Былтыр қалалық әкімдіктің көмегімен аулаға асфальт төселді. Подъездерде жаңа терезелер орнатылды.

 

“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген ұранды ұстанатын тұрғындар енді мемлекет тарапынан жаңадан балалар ойнайтын алаңқай салуға қолдау болса екен дейді.

 

Бақыт Сәдуақасов