Ауыл шаруашылығы

Алқаптарды дәрілеу басталады

 

 

Мына газгенераторлары өсімдіктерді өңдеуге арналған. Дәрі құйғышының сыйымдылығы 2 мың литрге дейін. Зиянкестерден арылудың тиімді тәсілі химиялық қосындыны 2 шақырым аумаққа шашуға қауқарлы. Осындай 14 арнайы техниканың көмегімен алдағы аптадан жасыл желектер мен астықтың жауы жұпсыз сұр көбелектермен күрес басталмақ. Егер бір ағаштың бойында жұмыртқа ұялары 4-н артық кезігетін болса, бұл маңайдағы тоғайларға зор қауіп төніп тұр деген белгі. Әзірге бір қыстап шыққан жұлдыз құрт түріндегі жәндік 167 мың га жерде анықталыпты.

 

Владимир Отрадных, ҚР АШМ АӨК облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары:

– Әсіресе М. Жұмабаев, Қызылжар аудандарының орман шаруашылығында көптеп шоғырланған. Өзге аудандарда   қаптамағанымен, жоқ емес. Бүгінгі құрт түріндегілер көбелекке айналғаннан кейін әрбірі 250 жұмыртқаға дейін салады. Уақытында дәрілемесек, жапырақтар мен астық жұпсыз сұр көбелектің қорегіне айналады. Себілетін “Демидрон” инсектицидінің өсімдіктер мен жануарларға еш зияны жоқ. Химиялық қосынды тек салқын қанды зиянкестерді улауға арналған.

 

Астықты құртуға құмар топтық шегірткелердің биыл тек италияндық прус тұқымдасының шоғыры анықталыпты. Зерттеу қорытындысы жәндіктің бұл түрі диқандарды биыл аса мазаламайтындығын көрсеткен. Мамандар бүгінгі саны егіске аса қауіпті емес деп отыр. Десе де жекелеген аудандардың агроқұрылымдарына ырыс дәнін сақтап қалудың амалдарын қарастыруға тура келеді.

 

Владимир Отрадных, ҚР АШМ АӨК облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары:

-Ғ. Мүсірепов ауданында 8 мың га, Ақжарда одан екі есе аз жерде италияндық прус шегірткелері анықталды. Ең көп шоғырланғаны Уәлиханов ауданында. Онда 19 мың га алқапты зиянкестерден арылту керек. Олар 2013 жылдың күзінде Ақмола облысынан ұшып келді. Барлығы осыған қатысты 31 мың га егінжайда химиялық қорғау шаралары жүргізіледі. Бұл былтырғыдан 10 есеге артық. Шегіртке санының өскеніне қатысты емес. Қауіпті сейілтіп, алдын алу шараларының күшеюімен байланысты.

 

Арамшөптер мен өсімдік ауруларына қарсы дәрі шашу жұмыстары да қарастырылған. Биылдыққа септариоз бен татқа қарсы 710 мың га аумақ өңделмек.

 

Жеңіс Ермұқанов