Спорт

“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы

 

 

– Мына тізілгеннің бәрі ұлымыздың жетістігі. Түрлі республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдесіз оралмайды. Негізінен 1-ші орын. Жеңіл атлетикадан ҚР Ұлттық жасөспірімдер құрамасына қабылданды.

 

Түрлі диплом, алқа мен кубоктар Никитаның жеңісінен бұрын ата-ананың сапалы тәрбиесінің жемісін көрсеткендей. Ұлдары үш жыл бұрын спорт ханшайымы саналатын жеңіл атлетикамен шұғылдануға ден қойған. Әуестігін шыңдау үшін облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатқа оқуға түсіпті. Баласының бастамасын әрдайым құп санап қолдап жүретін әке-шеше қыздары Юляның тәрбиесіне де үлкен мән береді.

 

Алена Головкина:

-Балаларымыз өмірде өз жолдарын тауып, ел игілігне жарауларын қалаймыз. Қызым білгеніне білім қосуға құштар, әсіресе нақты ғылымдарды оқығанды ұнатады. Әрине болашақта өзі қалаған мамандықты таңдайды. Біздің тараптан шектеу қойылмайды. Таңдауларын қашанда қолдап отырамыз.

 

Үйдегі үлкендерге еліктеген Юля да салауатты өмір салтын ұстанады. Қоғамдық шаралардан сырт қалмайтын белсенді жас мектебінің үздік оқушысы.

 

Юлия Головкина:

-Мен сабағымды кілең беске оқып, спортты қатар алып жүруге тырысамын. Мен үшін ата-анам мен ағам үлгі. Пән   олимпиадаларына қатысып тұрамын. Нәтиже де бар.

 

Головкиндер әулеті түгелімен спортқа жақын. Әрбірінің бұл қырынан жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Жеңісті жолдарынан сыр шерттер жинақтар құрып қойылған. Ата-анаға балаларының тәрбиесі үшін берілген алғыс хаттар да жетіп артылады. Отағасы мен ошақ иесінің қонақжайлық қасиетін ерекше сезіндік. Бізді жылы қарсы алып, дастархан жайып қойыпты. Үстел басына түрлі дәмді тағамдар мен қазақи ұлттық нақышта безендірілген ыдыстар қойылған.

 

Сергей Головкин:

-Балаларға өнеге болатындай өмір сүруге тырысамыз. Бастысы елжанды етіп, қоғамға пайдалы ұрпақ тәрбиелеу. Бойларына үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, адамгершілік қасиеттерді баулимыз. Қиындыққа мойып, бір орында тұрып қалмай алға адымдауды үйретеміз.

 

Отбасы – шағын мемлекет. Еліміздегі бейбіт тірліктің қаймағын бұзбайтын құнды қазына ынтымақта. Сондықтан жанұяның іргесі сөгілмес үшін түсіністікті бірінші орынға қоя білу керек дейді Головкиндер. Ең бастысы мақсат қойып, оған жетуге аянып қалмаған абзал деседі бірлігі жарасқан отбасы мүшелері. Осы төңіректе жанұялық ұрандары да бар.

 

– Есть мечта? Беги к ней. Не получается? Иди к ней! Не получается? Ползи к ней! Не можешь? Ляг и лежи в направлении мечты!

 

Бақытты жанұя кілтін табу құпияларын сұрастырдық. Ол әр адамның қолында дейді. Головкиндер тағдырдың жазуына да сенеді екен. Бұлары бекер емес.

 

Алена Головкина:

Жас кезімізден кездестік. Бірде фотосуреттерін көріп отырып мынау менікі деп қалыппын. Кейін анықталғандай екеуіміз бір лагерьде демалыппыз. Есіме түсірсем, тіпті сонда танысып дос болыппыз. Біраз уақыт өтсе де тағдырдың жазуымен жұбымыз қайта қосылды. Содан бері бақытты жанұя құрып отырмыз.

 

Қызықты әңгімемен уақыт тез өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Бізді шығарып салысымен отағасы алқапта жер өңдеуге аттанды. Анасы мен қызы мектепке жол тартты. Алена – бапкер. Юля шешесінің қол астында жаттығады екен. Қазір олар аудандық жарысқа дайындалып жатқан көрінеді.

 

Жеңіс Ермұқанов