Мәдениет

“Мағжан көктемі” басталды

 

Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың рухани мұрасын жастар арасында насихаттау тұрғысында жыл сайын өңірімізде “Мағжан көктемі” атты шара ұйымдастырылып келеді. Соңғы екі жылда оған еліміздің барлық өңірлерінің мектеп оқушылары атсалысуда. Биылғы үрдіс те өз қалпынан айныған жоқ. Аталмыш шараға жиылғандар алдымен теміржол вокзалы алаңындағы ақиық ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті.

Артынша республикалық додаға жиылған поэзия сүйер жастар облыс орталығындағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына ат басын тіреді. Себебі шын жүйріктің шыңдалғанын аңғартатын шақ осы жерде өтпек.

“Мағжан көктемі” республикалық сайысына қатысушылардың жалпы саны 42. Олар еліміздің 10 облысы, Алматы мен Астана қалалары және көршілес Омбы облыстарынан келіпті. Әрқайсысы өз жерлерінде өткен “Мағжан оқулары” сайысының аудандық, қалалық, облыстық додаларының жеңімпаздары. Солардың бірі -Ақмола облысынан келген Аида Бахытжан. 15 жасар оқушы бұл кеште ақиқ ақын рухына бағыштаған “Мағжанға арнау” жыр шумақтарын орындамақ.

10-республикалық поэзия додасы үш бөлімнен тұрады. Олар “Өлең -менің Шолпаным, Айым, Күнім”,”Толқынмен толқын сырласып…”,”Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” деп аталады. Алғашқысында сайыскерлер ақын жырларын жатқа оқу керек болса, екіншісінде Мағжанның шығармалары бойынша жүргізілген оқушылық зерттеулер, үшіншісі жас дарындардың ақынға деген өз шығармаларын орындау болып табылады. Доданың шымылдығын Шал ақын ауданындағы Алқаағаш орта мектебінің 8 сынып оқушысы Үміт Көбеген ашты. Жас дарынның ақиық ақын шығармаларына деген сүйіспеншілігінің оянғанына 3 жыл болған.

Қазақтың мақтанышына айналған ақиық ақынның шығармаларын тек еліміздің оқушылары ғана емес, Ресейдегі қандастарымыз да құрмет тұтады. Ондағылар Абайды Пушкинге теңесе, Мағжан да ресейлік алыптардың қатарынан ойып орын алады дейді.

Ақиық ақынның 121 жылдығына арналған республикалық шара  Мағжан бабамыздың кіндік қаны тамған жер Сарытомарда жалғасын таппақ.

 

Самат Есмағи