Құқық қорғау органдары

Петропавлда “Үздік аула” байқауы жарияланды

 

 

Әкімшілік полиция өкілдері еріктілермен бірлесіп тағы бір сауықтыру шарасын қолға алмақ. Ол пәтер иелері кооперативтері мүшелерімен көпқабатты үйлердің тұрғындарын аулаларда тазалықтың сақталуын қадағалауға жұмылдыру. Сондай-ақ бұқара өздеріне тиесілі аумақтың тазалығына да жауапты болулары шарт.

Алғашқы жиын Бөкетов көшесінде орналасқан 65-ші үйдің ауласында өтті. Мұндағы тұрғындардың тазалыққа баса назар аударатындары көрініп-ақ тұр. Соған қарамастан тәртіп сақшылары бұқараға “Үлгілі аула” байқауының жәй-жапсарын түсіндіріп өтті. Халықпен әңгіме барысында полицейлер санитарлық жағдайға байланысты үнпарақтар да таратты. Онда қала тазалығына немқұрайлы қарағандарға 20-дан 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынатындығы жазылыпты. Ол заңның 387 бабында тайға таңба басқандай көрсетілген.

 

Лидия Морева,ПИК төрайымы:

-Біз облыстық мәслихаттың қала тазалығы жөнінде мұндай шешім қабылдағанына ризамыз. Тазалық ешкімді бейжай қалдырмасы анық, оған бәріміз атсалысатын боламыз.

 

Дәл осындай жиынды тәртіп сақшылары Осипенко, 30 мекен-жай тұрғындарымен де өткізді. Алайда мұндағылардың тазалыққа мән бермейтіндіктері бірден байқалады. Айналаның бәрі лас. Ал пәтер иелері кооперативінің төрағасы оны қоқыстың уақтылы шығарылмайтындығымен түсіндірді. Алайда кінәні тек коммуналдық қызметтегілерге артуға болмайды, тазалыққа бірінші кезекте тұрғындардың өздері жауапты. Осыны алға тартқан полицейлер төрағаға бір жолға тек ескерту жасап, тазалық жөніндегі шараның мән-мағынасымен таныстырды. “Үлгілі аула” байқауының қорытындысы тамыздың 25-і белгілі болмақ.

 

Самат Есмағи