Қоғам

Өңірдегі демографиялық ахуал талқыланды

 

Аманжол Нұртаев жиынға ардагерлер кеңесінің атынан келіпті. Ол бүгінде елімізде отбасылық құндылықтар жоғалып бара жатқанын айтады. Демографияның бастауы ауылда жатыр. Сондықтан, ол жаңадан отау құрған жастарға үй беріп, 4 құрсақ көтерген аналарға әлеуметтік жәрдемақы тағайындап, күміс алқамен марапаттау керек деген ойда. Айта кету керек, қазір бұл мәселе үкімет қарауында жатыр екен.

 

Аманжол Нұртаев, СҚО ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы:

-Болашағы жоқ ауылдардағы жабылған мектептер мен фельдшерлік бекеттерді үлкен ауылдарға көшірсе, ауыл тұрғындарының тұрмысы түзелер еді.

 

Қоғамда жалғыз басты аналар мен әкелер көбейіп бара жатыр. Бұл да бір мәселе. Өткен жылы 4700 астам жас отау құрылса, оның жартысынан астамының шаңырағы шайқалған. Конференцияда сондай-ақ тұрғындардың денсаулына қатысты пікірлер айтылды. Қазақстанның солтүстігінде ересектер мен нәрестелер  өлімінің көрсеткіші төмендер емес. Оған басты себеп – тұрғындардың өз денсаулығына салғырт қарауы дейді жиынға қатысушылар. Көпшілігінің қан айналымы, ас қорыту және тыныс алу жүйелері бұзылған. Және аталған ауру түрлеріне көбінесе қала тұрғындары шалдығатын көрінеді.

 

Сәуле Оразова. «Петропавл Ақ ниет» ҚБ төрайымы:

-Ана мен бала өлімі азаяр емес. Жастар алтын бесігі ауылын тастап, жаппай қалаға кетіп жатыр. Жұмыс, үй таба алмай бос сенделіп жүргендері қаншама. Оған қоса солтүстікте миграция мен эмиграция соңғы кезде жиілеп кетті. Біз жиында осы және өзге де ұсыныс пен пікірлерді тыңдап, кейін оны өңдеп жоғары жаққа жібереміз.

 

Жергілікті статистика департаментінің 1 қаңтардағы мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 3 700 адам теріскейден басқа өңірдің елді-мекендеріне қоныс аударған. Ал облыста бүгінде 575 мың адам тұрады. Тұрғындардың жартысынан астамын әйелдер құрап отыр. Елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 69 жас болса, республика бойынша кәрі адамдардың көп бөлігі біздің өңірде тұрады екен.

 

Берік Қасен