Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы брифинг өткізді

 

Өңіріміздегі демографиялық ахуалға келсек, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ. Өйткені үстіміздегі жылдың екі айында облыста 1332 сәби дүниеге келсе, бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырар болсақ, бала туудың 1,9 пайызға кемігені байқалады. Бірақ  өлім-жітім де 3 пайызға азайған.

Халық санын өсіріп, жерлестеріміздің өмір сүру жасын арттыру мақсатында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын жақсарып келеді екен. Мысалы, биыл бұл бағытта 20 млрд теңге бөлініпті. Дей тұрғанмен, адамның өмірі білікті дәрігерлердің қолында. Бұл орайда біздің өңірде кадр тапшылығы байқалады.

 

Қабдырахман Сақтағанов, Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Облысымызға 233 дәрігер керек. Оның 87-сі ауылдық елді мекендерге, қалаға 146 медициналық қызметкер қажет. Кадр тапшылығын шешу мақсатында, медициналық академиялардың түлектерін облысқа  шақыру үшін жыл сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, онда үшжақты келісімшартқа отырамыз. Сонымен қатар облыстағы емдеу мекемелері өз қаражаты есебінен 24 студентті оқытуда.

 

Брифингте адам өліміне әкеп соқтыратын аурулардың ішінде бірінші орында әлі де болса қан айналым жүйесі дерттері екені айтылды. Бұндай науқастарды емдеу үшін кардиологиялық орталықта жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Ауруларды анықтауда скринингтік тексеріс те жүргізілуде. Дәл осы мәселе жергілікті тілшілерді қызықтырмай қоймады.

 

Любовь Мироедова, МТРА тілшісі:

-Скринингтік тексеріс аурудың алғашқы белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан тұрғындар осы тексерістен өту үшін оларды қалай ақпараттандырасыздар?

 

Қабдырахман Сақтағанов, Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Аурудың соңғы сатысы емделмейді. Сондықтан оның алдын алу керек. Ол үшін барынша жұмыс жасап жатырмыз.

 

Жергілікті тілшілерді өңіріміздегі онкологиялық жағдай да қызықтырмай қоймады.

 

Ербақыт Амантайұлы, Қазақ радиосының тілшісі:

– Онкологиялық аурулар бойынша біз Шығыс Қазақстаннан кейінгі, Павлодар екі облыс екінші үшінші орынды бөлісіп тұрмыз. Заман дамыды, дегенмен әлі күнге дейін онкологиялық аурулардың себебін анықтай алмай жүрміз?

 

Қабдырахман Сақтағанов, Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ауруды жан-жақты зерттеу үшін қыруар қаражат бөлінгенімен, онкологиялық және радиологиялық институттардан әлі жауап алған жоқпыз. Егер де бұл дерттің неден пайда болатынын білсек, қазір осылай жүрмес едік. Әлі күнге дейін бұл ауру зерттеу сатысында тұр.

 

Сонымен қатар тілшілер қауымы емханалардағы ұзын-сонар кезек жайында сұрап білді. Бұл орайда Қабдырахман Сақтағанов қаладағы 1-ші және үшінші емханаларда кезек күтпей-ақ алдын ала жазылуға болатынын айтты. Ал, тегін дәрі-дәрмек мәселесіне келер болсақ, өткен жылы 3 млн теңге бөлініпті.

 

Бану Ахметова