Қылмыс

Сантехник өзі қызмет көрсететін үйден 5 велосипед ұрлаған

Көпқабатты тұрғын үй жертөлесінің құлпы бұзылғанын облыс орталығының 3 тұрғыны байқап, тәртіп сақшыларына хабарлаған. Күдіктілер 5 велосипедті қолды етіпті. Қос доңғалақты көліктердің иелеріне келтірілген шығын 366 мың теңге. Көршілер мен куәгерлерді және велосипед сататын сауда орындары қызметкерлерін сұрастыру сезіктіні ізін суытпай анықтауға мүмкіндік берді. Бұл қылмысқа сол үйдің тұрғындарына қызмет көрсететін сантехниктің қатысы дәлелденіп отыр.

 

Надежда Гребнева, Петропавл қаласы ІІБ 1-ші полиция бөлімінің аға тергеушісі:

-Петропавл қаласы ішкі істер басқармасы осы іске қатысты қылмыстық іс қозғады. Сантехник пен оның сыбайластары үйдің жертөлесіне кіріп, 5 велосипедті ұрлаған. Енді олар жауапкершілікке тартылатын болады.

 

Сантехниктің қолында жертөле мен шатырдың кілті болған. Оның екі сыбайласының бірі – кәмелет жасына толмаған. Қолды еткен велосипеттерді күдіктілер сауда орындарына жеткізіпті. Полицейлер ұрланған бар мүлікті тәркілеп, иелеріне қайтарды. Ал ұсталған азаматтар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Жаз маусымы келісімен велосипед ұрлау фактілері жиілейді. Өйткені, көбіне тұрғындар мүлкіне салғырт қарап, дүкендер мен көпқабатты үйлердің ауласы мен подьездерінде қараусыз қалдыратын көрінеді. Оған қоса құлыптарды қолданбайды екен. Алайда бұзақылар құлыпты сындыруға дейін барады.

 

Никита Кондратьев:

-Бастысы тартып қалсаң болды, құлып бұзылып қалады.

 

Жыл басынан өңірде 29 велосипед ұрланған. Сондықтан полицейлер мүлік иелеріне абай болуды ескертеді.

 

Бақыт Сәдуақасов