Өнеркәсіп

“Единство” ЖШС-де жаңа жабдық орнатылды

 

“Единство” ЖШС-інің цехындағы мына қондырғы жақында ғана орнатылыпты. Темір-бетон өнімдерін дайындайтын «Вибросыққыш 2030» әмбебап желісін сатып алуға 300 мың еуродай қаражат жұмсалыпты. Жабдықты италиялық өндіруші фирманың өкілдері орнатуда.

 

Франческо Ровелли, «Ровелли» компаниясының директоры, Италия:

-Вибросыққыштың көмегімен бетон сақинасын, көмкерме, блок пен тақта өндіруге болады. Мысалға, сақинаның диаметрі бір метрден екі метрге дейін. Белгілікті қалыпқа келтіруге 4-5 минуттай уақыт қажет. Ал дайын өнім жасап шығуға 10-12 минуттай уақыт кетеді.

 

«Ровелли» компаниясы мұндай құрылғыларды шығарумен 40 жылдан бері айналысып келеді. Кәсіпорын Еуропа елдері, Белорусия, Ресеймен тығыз байланыс орнатқан. Енді міне Қазақстанмен әріптестік жасауда.

 

Игорь Коровин, ТОО «Единство» директоры:

-Қондырғыны жөндеу мен іске қосу кезінде италиялық мамандар «Единство» ЖШС жұмысшыларын оқытты. Бұл қондырғыда 3 адам жұмыс атқара алады.

 

Серіктестік алдағы уақытта заманауи қондырғыда жұмыс істейтін бірнеше бригаданы жасақтамақ. Қазіргі уақытта зауытта шамамен 70 адам еңбек етуде. Айта кету керек, “Единство” ЖШС италиялық құрылғыны жаңғырту бағдарламасы аясында сатып алыпты. Зауытты қайта жөндеу жұмыстарына кәсіпорын жетекшісі 891 миллион теңге жұмсамақ ниетте. Оның 749 миллионы – несиелік қаражат.

 

Бақыт Сәдуақасов