Ауыл шаруашылығы

Облыста көктемгі дала жұмыстары жүргізіліп жатыр

Өңіріміздегі бетке ұстар ірі шаруашылықтардың бірі -“Зенченко және К” КС. Агроқұрылым биылғы егістік науқанына 16 мың га жерді даярлап жатыр. Егінжайдың жартысына жуығына ырыс дәні бидай себілмек. Өзгесі майлы дақылдар мен мал азығының үлесінде. Бүгінде ылғал жабылып, жер жыртылып жатыр. Астық жауы түрлі зиянкестер мен арамшөптерге қарсы тыңайтқыштар сіңірілуде.

 

Виктор Жұмағұлов, “Зенченко және К КС бас агрономы:

– Мына 2 мың га алқапқа жүгері егіледі. Оның 300 га тамшылап суарылады. Тағы сонша зығыр тұқымын жерге басамыз. Мал азығына арпа мен сұлы тағы бар. 1 га   бір жылдық шоқты шөп отырғызамыз. 3 мың га жер парға қалтырылады. Бидай тұқымын себуді мамырдың 17-18 күндеріне жоспарлап қойдық. Бұған қолайлы уақыт – 5 маусымға дейін аяқтауға тырысамыз.

 

Бар аумақтың 20 пайызы нөлдік технология бойынша өңделіп, себілетін болады. Өзгесі дәстүрлі түрде.Техникалық парк толығымен сақадай сай. Жалпы танап басына астық сепкіш 7 заманауи кешен шығады. Оның біреуі биыл алынған. Не ексең, соны орасың. Бұған қажетті элиталық тұқым қоры жеткілікті.

 

Виктор Жұмағұлов, “Зенченко және К КС бас агрономы:

-1.5 тонна бидай бар. Негізінен өңірімізге қолайлы Шортанды, Астана сорттары. Бүгінде 400 тоннасын дәрілеп, шығымдығын арттыратын жетілдіргіш қосып қойдық. Элиталық тұқым шығаратын шаруашылығымыз бар. Өңіріміздің өзге агроқұрылымдарына қажеттісін даярлап береміз.

 

Сондай-ақ серіктестік мамырдың 15-нен 250 га аумаққа картоп отырғызу жұмысын бастамақ. Бүгінде бұл іске голландиялық “Рамона” тұқымдасының 700 тоннасы сұрыпталған.

Жалпы биылдыққа қызылжарлық жер емген диқандар 215 мың га аумаққа егінжайларын жайғастырмақ. Ылғал сақтау технологиясы толығымен еңсерілген. Ауыл еңбеккерлерінің техникасы дайын. Жанармай жеткілікті көлемде алынған. Тұқым қоры жеткілікті. 40 пайызы дәріленген.

Жалпы маңызды іске осылайша сапалы қамдану жұмыстары аудандағы 304 шаруа қожалығында жүріп жатыр.

 

Жеңіс Ермұқанов